23.05.2017, 11:55

Шегірткелер 1,5 млрд теңге шығын келтірді, ал АШМ болса қауіптің жоқ екенін айтып отыр

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты агроөнеркәсіптік кешені саласындағы мемлекеттік инспекцияның басшысы Ержан Айнабековтың айтуынша, биыл шегіртке тарапынан ешқандай қауіп жоқ. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аталған зиянкестер тараған алқаптар азайып келеді деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгінде елімізде шегірткенің бірнеше түрі бар. Мәселен, морокколық шегіртке Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарында таралса, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау мен Шығыс Қазақстанда азиялық шекіртке жиі кездеседі. Ал итальяндық прус еліміздің барлық өңірлерінде ішінара кезедеседі. Дегенмен, олар Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды облыстары мен солтүстік аймақтарда кеңінен тараған. "Биыл үйірлі шегірткеге қарсы шараларға 1,5 млрд теңге қарастырылған. Барлық конкурстық шаралар уақытында орындалды. Алдын алу шарасы аясында барлық аймақтарда зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қажеті пестицидтер сатып алынды. Осы уақытқа дейін Оңтүстік Қазақстан облысында барлық жұмыстар атқарылды. Жамбыл облысында жүргізіліп жатқан жұмыстар аяқталуға жақын. 24-25 мамырда Қызылорда облысы тиісті шараларға кіріседі. Одан кейін Алматы мен солтүстік аймақтарда жұмыс жалғасатын болады. Аталған мәселе бойынша қазір ешқандай қауіп жоқ. Барлық жұмыстар ойдағыдай атқарылуда", - дейді Е. Айнабеков.

Инспекция басшысының сөзіне қарағанда, бұрын шегіртке зиянкестері 4,7 млн гектарды жайпап өтсе, соңғы жылдары ол көрсеткіш 1,5 млн гектарға дейін азайды. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ондай алқаптар әлі де азая түсетін болады.