Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа Таразда болған дауылды желдің салдары жайында айтып берді.
"Таразддың 13-ші шағынаудандағы құрылыс алаңында жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жеткен дауылды жел шатырларды жұлып әкетті. Жұмысшылар 1994 жылғы Бексейітов пен 1963 жылғы Нұржанов алған жарақаттарынан қайтыс болды. 14 жастағы Бекзат Мамбетәлиев электр сымын басып қалып, тоққа түсіп қайтыс болды. Дәл сол уақытта үйдің темір қақпасы құлап, екі адамды - 1986 жылғы Хамитқызын және 1966 жылғы Бексұлтанованы басып қалды. Екеуі де ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ, 2006 жылы туған баланың үстіне ағаш құлап, ол да ауруханада емделіп жатыр", - деді К.Көкірекбаев үкіметтің отырысында.
Оның айтуынша, ағаштардың құлауы салдарынан электр сымдары үзіліп, газ құбырларына зақым келген. Облыс әкімі бірінші орынбасарының төрағалығымен арнайы комиссия құрылып, қазір апаттың салдарымен күрес жұмыстары және келтірілген шығындарды есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыс басшысының айтуынша, бүгін таңертең үзілген электр сымдары қалпына келтірілген. Қазір қаланы сынған ағаштардан тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Бақытжан Сағынтаев болса апаттан зардап шеккендердің отбасына материалдық көмек көрсету қажеттігін айтты.