Алматы облысындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығының аумағында кісі өлтіру дерегі орын алды. Екі жас жігіттің ерегісі барысында бірі екіншісінің кеуде тұсына пышақ сұғып алған. Салдарынан жараланған ер азамат тілге келместен көз жұмды деп жазады Tengrinews.kz.
Оқиға 4 маусым күні орын алған. Қылмыс болған сәт бейнебақылау камерасына жазылып қалыпты. Полицейлер болса күдіктінің сол жерде ұсталып, оның үстінен қылмыстық істің қозғалғанын айтып отыр.
«Қолда бар мәліметтерге сәйкес, 4 маусым күні сағат 15:40-та "Қорғас" халықаралық орталығындағы шекаралық өткізу және кедендік бақылау аумағында пышақпен қаруланған Қазақстанның екі азаматы - Кәрібжанов Диас Ернарұлы (1995 жылғы, Көктал ауылының тұрғыны) мен Төлегенов Қуаныш Берікұлы (1992 жылғы, Әулиеағаш ауылының тұрғыны) арасында ерегіс болып, біріншісі екіншісін пышақтаған. Алған дене жарақаттары салдарынан Қуаныш Төлегенов аудандық ауруханаға жетпестен, таксиге салып жатқан кезде көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша, төбелесті Төлегеновтің өзі бастаған», - делінген полицейлердің хабарламасында.
Облыстық ІІД-нің ақпарына сәйкес, күдікті Кәрібжанов қолға түсіп, қамуға алынған. Оның үстінен "Кісі өлтіру" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалыпты.