"Қорғас" халықаралық сауда орталығында адам өлтірген күдікті әлі қамауға алынған жоқ. Өйткені, үш күн бұрын көптің көзінше пышақ сілтеген жігіт ауруханада жатыр. Диас Кәрібжановтың өзі де сол төбелес кезінде жараланған деп мәлімдеді КТК телеарнасы.
Сондықтан, күдіктіні полицейлер күні түні палатада күзетіп отыр. Қатаң күзеттегі палатаға дәрігерлерден басқа адамның кіруіне рұқсат жоқ. Ал кісі қолынан қаза тапқан Қуаныш Төлегеновты бүгін туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Қара жамылған отбасы бұған "Қорғас" қызметкерлерін де кінәлады. Тепсе темір үзетін азаматтарынан айырылып, қан жұтқан отбасы оның ешкімге жаманшылығы болған жоқ дейді. Керісінше, бес уақыт намаз оқып, ораза ұстап жүрген. Ал келесі айда үйленіп, отбасын құруды жоспарлап қойған екен.
Айдана Төлегенова, марқұмның қарындасы:
- Біз кешірмейміз. Өйткені жүрегімізді қан жылатып кетті. Анам мен әкемді жалғыз бауырымнан айырып кетті.
Марқұмның туыстары Қуаныштың өліміне Қорғас қызметкерлері де жауапты дейді. Өйткені күдікті қатаң күзетілетін аумаққа суық қаруды емін-еркін алып кірген. Ал, аяғына пышақты жауапкершіліктен құтылу үшін Диас өзі тыққан дейді олар.
Қазір аяғынан жараланған күдіктінің жағдайы жақсы. Сондықтан, ол 1-2 күнде ауруханадан шығарылады. Бірақ мұнымен Диас Кәрібжанов жазадан қашып құтыла алмайды. Оны оған қатысты «қасқана адам өлтіргені» үшін қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.