$ 494.87  520.65  4.91

«Кәсібіңе басымды ием»: Алматылық дәрігерлер инновациялық жаңалықтарымен бөлісті

Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасында халық денсаулығын жақсартып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Соңғы уақытта қандай жаңа медициналық әдіс-тәсілдер енгізілді? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша аурухана қызметінде қандай өзгеріс бар? Осындай отандық медицинаның өзекті де маңызды сауалдарына жауап беру үшін №7 қалалық клиникалық ауруханасында Медицина қызметкерлері күніне орай журналистерге арналған пресс-тур өтті. Бұл шара республикалық «Кәсібіңе басымды ием» акциясы аясында ұйымдастырылды.

Қазақстандық медицина саласында жаңалық көп. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданысқа енгізілетіні белгілі. Бұл реформаға сәйкес, емханалар мен ауруханалар арасындағы бәсекелестік артып, дәрігерлердің жауапкершілігі жоғарылай түспек. Осыған байланысты аурухана ұжымы БАҚ қызметкерлерін отандық медицина саласындағы соңғы инновациялық жаңалықтардан хабардар етіп, ауруханадағы заманауи құрал-жабдықтарды көрсетті.  

«Біздің аурухана қызметкерлері күн-түн демей халыққа жоғары сапалы қызмет көрсетуді мақсат етеді. Аурухана соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Сонымен қатар, дәрігерлер біліктілігін арттыру міндетін де естен шығармаймыз. Сапалы медициналық көмек арқылы ғана халықтың алғысына бөленіп, көңілінен шығуға болады», - деді №7 қалалық клиникалық аурухана Бас дәрігері Марат Шадыбайұлы.

Журналистер үшін ұйымдастырылған пресс-тур барысында кардиология мен гематология бөлімдерінің интенсивті емдеу палаталары ашылды.

«Бұл қарқынды емдеу палаталарында операциядан шыққан науқастар емделеді. Палаталарда арнайы көп функционалды кереуеттер бар. Кардиомонитор, оттегі, дефибриллятормен жабдықталған. Науқастар жеке медбикенің қарауында болады. Жалпы №7 қалалық клиникалық аурухананың гематология бөлімі қан ауруларына шалдыққан науқастарға жан-жақты көмек көрсетіп келеді», - деді №7 қалалық клиникалық аурухана Бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Жадыра Сіләмқызы.

Бұдан бөлек, орталықтандырылған және арнайы оқу залы бар архив жүйесі мен Call-орталықтың тұсаукесері өтті. Call-орталық халық тарапынан түскен кез-келген сұраққа жауап беріп, азаматтарға дер кезінде кеңес беріп отырмақ.

«Call-орталықтың негізгі міндеті – халыққа біздің ауруханадағы медициналық қызмет жайлы толыққанды ақпарат беру. Оған қоса, орталыққа хабарласқан адамдар өздеріне қажет кеңес те ала алады», - деді №7 қалалық клиникалық аурухана Бас дәрігерінің әдістемелік-ұйымдастыру ісі бойынша орынбасары Нұрлан Таңжарықұлы.

Айта кету керек, орталық стерилизациялау бөлімінде де еуростандартқа сәйкес жаңа құрылғылар орнатылған. Журналистер осы автоматты түрде жұмыс істейтін аппараттар жұмысын көріп, сирек жасалатын операциялар барысын бақылап, науқастардан сұхбат алды. Одан бөлек, бұл күні БАҚ қызметкерлері Даниядан келген білікті нейрохирург маманның Қазақстанда тұңғыш рет орталық жүйке жүйесі ауруларына мүлдем жаңа әдіс – криоанальгезияның инновациялық  әдістері арқылы операция жасау бойынша шеберлік сыныбына қатысты.

Заманауи аппараттармен қамтамасыз етуден бөлек, технологиялық жаңалықтарды бес саусағындай игерген мамандар санын көбейту де қолға алынды. Осылайша халық денсаулығын жақсартып, нығайтуға үлес қосуға болады. Сондықтан №7 қалалық клиникалық ауруханасында халыққа алдын ала диагностика жасау және емдеу түрлері ұсынылады.

Г.Сембиева

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары