Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Германиядан келген қазақ Өмірхан Алтын Елбасыға Қытай үкіметінің ондағы қазақтардың құқықтарын таптап жатқанын жеткізді деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Қаны қазақ деп қайнаған Сізге бір мәселені айтқым келіп отыр. Қадірлі ағайын, осында отырған және сырттан келген ағайындардың көбісі өзінің байырғы атамекенінде, ата қонысында өмір сүріп жатыр. Сол ата қонысында өмір сүріп жатқан Алтайда, Үрімшіде, Құлжада, жалпы Қытай елінің территориясында өмір сүріп жатқан ағайындарымыз соңғы уақыттарда аса қиын жағдайды басынан кешіп келеді. Қытай үкіметі өзінің негізгі заңына әрі халықаралық заңдарға, халықаралық адам құқықтарына қайшы ағайындарымыздың құқықтарын таптауда. Олар бастарынан қиын-қыстау кезеңді өткізіп жатыр. Ондағы ағайындарымыз шырылдап жатыр. Менің айтарым, осындай киелі жиында «ана жақтағы шырылдап жатқан ағайындарды еске алып қойсақ. Сіздерге айтарым осы еді. Қытай елінен біз көп нәрсе сұрамаймыз", — деді құрылтайда Өмірхан Алтын.
Қандасымызды тыңдаған Елбасы бұл жағдайдан бейхабар екенін айтты.
"Бүгін Қытаймен қазақ елінің қарым-қатынасы өте жақын. Үлкен түсіністікте. Ол жердегі Синьцзянда болған неше түрлі жағдайлар бар. Терроризм де, сепаратизм де бар. Бірақ та қазақтарға жасалып жатыр деген қиянат менің құлағыма келген жоқ. Бар болса, елшілік арқылы біліп, Сыртқы істер министрлігі арқылы оған біз тиісті көңіл аударатын боламыз", — деді Елбасы.
Айта кетейік, бесінші құрылтайға барлығы 800 делегат пен қонақ жиналды, оның 350-і алыс және жақын әлемнің 39 елінен келді. Олар ғылыми-шығармашылық және педогогикалық зиялы қауым өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып отыр.
1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқан құрылтай дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың кездесу орны әрі бірегей сұқбат алаңы болып табылады.