Шығыс Қазақстан облысының Ішкі істер департаменті Аягөз қаласындағы полиция бөлімінде көз жұмған көлік жүргізушісіне қатысты мәлімдеме жасады. Департамент өкілдерінің айтуынша, марқұм бөлімшеге өз еркімен барып, бейнебақылау камерасындағы жазбаны көрмек болған екен.
Айта кетейік, бұған дейін тараған ақпаратта көрсетілгендей, Үржар ауданының тұрғыны Рақымберді Қыдырмолдин Аягөз қаласында жол көлік ережесін бұзып, полицейлер оны бөлімге алып кеткен болатын. Ер азамат тергеушінің кабинетінде көз жұмған.
"Біздің жол-патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Рақымберді Қыдырмолдинді бір бағыттық жолдың қарсы бағытымен жүргені үшін тоқтатқан. Бірақ, ол өзінің ереже бұзбағанын айтып, бейнебақылау камерасындағы жазбаны көрсетуді талап етті. Осы үшін ол өз еркімен аудандық полиция бөліміне келіп, бейнебақылау камерасындағы жазбаны қараған және ереже бұзғанына көзі жетіп, полицейлермен келіскен. Хаттама толтырып жатқан сәтте ол аяқ астынан құлап, есін жоғалтып алды. Полиция қызметкерлері оған алғашқы медициналық көмекті көрсетіп, жедел жәрдем шақырған. Алайда, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Марқұмның туыстарына қайғыра көңіл айтамыз", – деді жергілікті полиция қызметінің басшысы Дулат Қазақпаев.
Оның айтуынша, кісі өлімінен кейін ІІД-нің ішкі қауіпсіздік басқармасы және прокуратура тергеу жұмыстарын бастап кеткен. Ал, сот медициналық сараптама Р.Қадырмолдиннің жүрек ауруынан қайтыс болғанын растады. Ол осы ауруымен аудандық аурухананың есебінде тұрған екен.