$ 494.87  520.65  4.91

Маңғыстау-Астрахань пойызының жолсерігі "шетінеп кеткен" сәбиді "тірілтіп" алды (ВИДЕО)

Маңғыстау-Астрахань бағытында қатынайтын жолаушылар пойызының жолсерігі Алтынай Рамбаева жүрегі тоқтап қалған 9 айлық сәбиді қайта "тірілтіп" алды. Бұл туралы Lada.kz порталы мәлімдеп отыр. Кішкентай Фатима Хапизулла 40 минут бойы демсіз, жүрегі соқпай жатып қалған.

Оқиға 3 шілде күні орын алыпты. Бұл күні Алтынай Рамбаева әдеттегідей жұмысқа шығып, Астрахань қаласынан Маңғыстау облысына жолға шыққан жолаушыларға қызмет көрсеткен. Айтуынша, барлығы әдеттегідей тып-тыныш болған екен. Тек, Мақат станциясынан өткеннен кейін купелердің бірінде кішкентай баланың шетінеп кеткені туралы хабар жұртты дүрліктіріп жіберген.

"Мақаттан өткеннен кейін екінші купеден бір әйел жүгіріп келді де, купеде сәбидің шетінеп кеткенін, оның анасының жылап отырғанын айтты. Мен купеге жетіп бардым, сәби ес-түссіз жатыр екен. Демі мен тамырын ұстап көрдім, тіршіліктің белгісі жоқ. Баланың өзі көгеріп кеткен. Оны дереу өзімнің купеме алып кіріп, қайта ояту үшін қолымнан келгенін жасай бастадым", - дейді Алтынай Рамбаева.

9 айлық Фатиманы жолсерік әйел құйрығынан және арқасынан қайта-қайта қағып, бетіне су бүрки беріпті.

"Мен сол кезде мүлдем қорыққан жоқпын, бойымда ерекше бір күш пайда болды. Өзім екі баланың анасымын, сондықтан қызды қатты құтқарғым келді. Ал, 40 минуттан кейін сәби қайта оянған кезде қуаныштан жылап жібердім. Құлсары станциясына жеткенше бірнеше рет жаттығулар жасадық. Сәби болса жылап, өзіне келе бастады. Менің қуанышымда шек болған жоқ", - дейді жолсерік әйел.

Құлсары станциясында кішкентай Фатима мен оның анасын дәрігерлер жергілікті ауруханаға алып кеткен. Қазір сәбидің жағдайы жақсы. Анасы Арайлым Жалиева болса Алтынай Рамбаеваны өзінің қызының екінші анасы деп есептейді. Ол тіпті, "Қазақстан Темір Жолы" компаниясының басшыларына хат жазып, жолсерік әйелді марапаттауын сұрап отыр.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары