Қала әкімдігі елордалық прокуратурамен бірлесе отырып «Елордадағы қауіпсіздік және жайлылық» акциясы аясында құрылыс нысандарының жәрмеңкесі өтті деп хабарлады қалалық әкімдіктің медиа-орталығы.
Бұл екінші жәрмеңке, біріншісі ағымдағы жылдың сәуір айында өткізілген болатын. Оның нәтижесі бойынша ұсынылған 9 нысанның 3-уі іске асырылды.
Бүгін жәрмеңкеге 70-тен астам құрылыс ұйымы, оның ішінде елдің өзге өңірлерінен және шетелдік компаниялар қатысты. Жиналған инвесторлардың назарына 12 нысан ұсынылды: "Пана" ТК, "Гранитный 1" ТК және "Гранитный 2" ЖК, "Хазірет" ТК, "Көктал-2" ТК, "Зере-1" ТК, "Араби 2" ТК, "Аниса 2" ТК және "Аниса 3" ТК, "Үміт Береке" ТК, "Территория комфорта-1" ТК, "Жайлау сити" ТК және "Табысқұрылтай" ТК. Нысандардың дайындығы түрлі деңгейде.
- Бүгінде бұл нысандар бойынша рұқсат қағаздары бар, тұрғын-құрылыс кооперативтері құрылған, зардап шеккен салымшылармен, ТҚК пайдасына құрылысы аяқталмаған нысандарды өтеу жөнінде соттың шешімі бар. Осыған байланысты құрылыс нысандарын аяқтау үшін инвесторларды тарту керек, - деді Астана қ. «Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» ММ басқармасы басшысының орынбасары Даулет Досқұлов.
Шараның мақсаты – құрылысы аяқталмаған әрі мәселесі бар нысандардың құрылысын аяқтауға ниет білдіретін әлеуетті кәсіпкерлер мен инвесторларды іздестіру.
Шараға келген кәсіпкерлерге жобалар таныстырылып, бос алаңдар мен жер учаскелері және жобалардың эскиздері көрсетілді.
Құрылыс салушылар ТҚК-мен, өкілетті органдармен келісе отырып, жобаны ауыстырып, оны пайдасы мол жобаға айналдыра алады.