Бүгінгі таңда қала тіршілігінде пәтер иелеренің кооперативі (ПИК) қызмет етуде. Бұл қызметті қолдануда жетекші орында тұрған Словакия елінде тұрғын үй кооперативтерін құрылыс банктері арқылы несиелендіру қызметі жолға қойылған. Ресей Федерациясында пәтер иелері күрделі жөндеу үшін жарналар көмегіне сүйенеді екен. Ал, Қазақстанда соңғы жылдары сұранысқа ие болған бұл қызмет түрі кеңінен қолданысқа еніп келеді.
Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының ресми мәліметінше, Алматы қаласында басқару органдарының жалпы саны 824 бірлікті құрайды. Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясының басқармасына 2017 жылғы 1 жартыжылдыққа басқару органдарының (ПИК) қызметі мәселелері жөнінде 1024 өтініш пен шағым келіп түскен.
Өтініш демекші, көп жағдайда қарапайым тұрғындар ПИК қызметін пайдалануда көп нәрсеге мән бермейді және түсіне бермейді. Әдетте ПИК таңдағанда оның төрағасын да дұрыс таңдай білу керек.
Шын мәнінде ПИК төрағасы – бұл тек ақша жинаушы және жиналыстар ұйымдастырушысы емес. Негізінен қызмет жұмысы техникалыққа жатады, сол себепті төраға жұмысты техникалық жағынан түсіну, белгілі бір білімдерге ие болуы тиіс.
– ПИК шығындары тұрғындардың жиналысында бекітіледі (пәтер иелерінің), сол себепті үй тұрғыны ай сайынғы төлем алынатынын және ПИК қандай жұмыстарды орындайтынын білу үшін жиналысқа қатысуы тиіс. Нақты айтқанда, тұрғындарға ағымдағы жөндеу, жылу жүйелерін жөндеу, қыс мезгіліне дайындау, санитарлық-техникалық тазалау және электрлі-техникалық жұмыстардың сапалы орындалуына қолайлы жағдай жасау секілді міндеттер атқарылады, - дейді Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары Е.Ибрайханов.
Оның айтуынша, ПИК – ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етеді. Оған жертөлелерді, дәліздерді тазалау, жарықтандыру, көпқабатты үй аумағының тазалығы мен кіреберіс есіктердің жағдайын бақылау секілді жұмыстар кіреді. Тұрғындардың ай сайын ПИК-ке төлеген ақшасы ағымдағы жөндеу мен штат қызметкерлерінің жалақысына жұмсалады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға ай сайынғы жарнаның орташа мөлшері 1 шаршы метрден 25 теңгені құрайды. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге ай сайынғы жарнаның орташа мөлшері 1 шаршы метрден 45,38 теңгені құрайды. Сәйкесінше, еліміздіғң әр өңірінде тарифтік жоспарлар әр түрлі сомманы көрсетеді.
Көпқабатты үйлерді басқару жүйесін оңтайландырудың 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы өзекті мәселенің шешімін табуды көздейді.
Бағдарламаға сәйкес, қазіргі таңда көп қабатты үйлерді басқару үшін өзін-өзі басқару жобасы ұсынуда. Әр көп қабатты үй өздері «үй иелері бірлестігін» құрып, үй төрағасын сайлай отырып, үйді басқаруға басқарушы компанияны таңдауға құқылы. Жоба аясында тұрғындар үйді басқаратын компанияларды таңдап, сол қызмет арқылы үй қорын жаңғыртуға мүмкіндігі бар. Яғни, жаңа жүйе бойынша әрбір пәтер иелерінің бірлестігі тарапынан жеке шот ашылуы тиіс. Ондағы атқарылатын, үйлерді күтіп ұстау жұмыстарын ұйымдастыру басқарушы компания жүзеге асырады. Қазіргі таңда мұндай тәжірибе елімізде Астана мен Алматы қалаларында сәтті жүзеге асуда.
Ақбота Мұсабекқызы