Былтыр Ақтөбе мен Алматыда қатар орын алған лаңкестік оқиғалардан кейін елімізде қауіпсіздік шараларының күшейгені белгілі. Ұлттық қауіпсіздік комитеті күдікке ілінген «діншілдердің» бәрін қамауға алып, бірнеше терактінің алдын алғанын мәлімдеп отыр. Сондай-ақ, құқық қорғаушылар жастар арасында алдын алу шараларын да жаппай жүргізіп келеді. Әсіресе, теракт орын алған Алматыда мектеп оқушылары экстремизмнің қаупі, кереғар діни ағымдар туралы кеңінен білім алуда.
Алматы қалалық Білім басқармасының мәліметінше, ішкі істер органдары, прокуратура, ҚМДБ өкілдері мен психолог мамандардан тұратын жұмыс топтары шаһардағы оқу орындарын аралап, жыл бойы теріс діни ағымдардан сақтанудың жолдарын насихаттап келген.
Мәселен, дәл қазіргі таңда Алматыда 594 мектепке дейінгі мекеме, 245 орта білім беру ұйымы, 82 колледж, 19 интернаттық мекеме, 27 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Семинар сабақтар өз алдына, осы оқу орындардының бәрінде қауіпсіздік шаралары күшейтілген.
– Білім беру ұйымдарында күзетшілер бұрыннан жұмыс істейді. Сонымен қатар, күзет дабылы, өрт қауіпі дабылы, ішкі және сыртқы бейне бақылау камералары (балабақшаларда – 2122, мектептерде – 2083, балалар үйлері мен мектеп-интернаттарда – 129, мемлекеттік колледждерде – 634) орнатылған. Ғимараттар темір тордан және бетоннан жасалған қоршаулармен қоршалған. Қысқасы, қаладағы білім ордаларының бәрінде қауіпсіздік жағы күшейтілді, – дейді Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Рахат Шимашева.
Сондай-ақ, жоғарғы сынып оқушылары арасында «Дінтану» пәнін оқыту жұмыстары да күшейтілген. Яғни, мамандардың біліктілігін арттырып, оқушылардың діни сауатын ашуға күш жұмсалуда.
– Кешегі өткен оқу жылында Алматы қаласы бойынша «Дінтану» пәнінен сабақ беретін 190 мұғалімнің білімін жетілдіру үшін арнайы курстардан өткіздік. Ал, осы пән мұғалімдерінің жалпы саны – 257. Олардың 107-сі І санатты мұғалім, – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, шаһарда «Алматы қаласы аумағында орналасқан орта мектеп оқушылары арасында дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалынан және экстремизм мен терроризм идеяларынан арылтуға арналған ақпараттық-насихаттық жұмыс кестесі» құрылған екен. Оның жүзеге асуына Білім басқармасы мен Дін істері басқармасы жауапты. Осынау кесте аясында аталған басқармалар қызметкерлерінің, теолог мамандардың және ақпараттық-насихаттау топ өкілдерінің қатысуларымен кездесулер ұйымдастырылып келеді.
– Осы кешегі аяқталған оқу жылында ондаған кездесу ұйымдастырылды. Кездесулер тек оқушылармен ғана емес, олардың ата-аналарымен де өткізіледі. Өйткені, баланың тәрбиесі, діни ұстанымы тікелей ата-анаға байланысты. Кездесулер «мына ағым дұрыс, мына ағым бұрыс» деген сарында жүргізілмейді. Біз хиджаб киетін қыздардың ата-аналарымен сөйлесіп, оларға түсіндіруге барынша тырысамыз, мектептің қабырғасында діни киімдер киюге рұқсат жоқ екенін айтып, мәмілеге келеміз. Сондай-ақ, оқушылар арасында түрлі сауалнамалар жүргізіліп, олар кейін сараптамадан, талдаудан өтеді. Жастар қызықтырып жүрген сауалдарын теолог-мамандарға қойып, тиісті жауаптарын алады. Қысқасы, бұл жұмыстар міндетті түрде болашақта өз нәтижелерін береді, – дейді Рахат Сейдахметқызы.
Сондай-ақ, Алматы қаласында орналасқан оқу орындарының, оның ішінде, мектептер мен кәсіптік лицейлер, колледждер мен жоғарғы оқу орындары арнайы күзетпен, сигнал белгілерімен қамтамасыз етілген. Бұл мәеледе Білім басқармасы жастардың алаңсыз білім алуына, оқу орнындағы қауіпсіздігіне баса көңіл бөледі.
Ал, жаңа оқу жылында қаладағы барлық оқу орындарында орамал, хиджабпен жүретін қыз балалармен, теріс діни ағымдарға бейім оқушылармен арнайы жұмыс істеу жоспарланып отыр.
Ақбота Мұсабекқызы