$ 498.34  519.72  4.85

Қостанайда екі жігіт таныс әйелін қорғаймыз деп ер азаматтың мойнын үзіп өлтірді

Қостанай облысында таныс әйелді жәбірлеген ер адамның мойнын үзіп өлтірген екі азаматқа қатысты іс сотта қаралады, деп хабарлады өңірлік соттың баспасөз қызметі.

Боровское ауылында тұратын әйел екі жыл бір ер адаммен бірге тұрған, алайда екеуі ренжісіп, ақыры айырылысып тынады. Көп ұзамай ол басқа ер адаммен тұра бастаған. Бірақ бұрынғы жігіті әйелдің қыр соңынан қалмай, ол полицияға жігіттің соққыға алғандығы туралы арыз беруге мәжбүр болған.

Биыл ақпан айында әйелдің бұрынғы жігіті үйіне келіп, полицияға арыз бергені үшін өшін алуға бекінеді. Үрейі ұшқан ауыл тұрғыны әпкесін шақырып, ол күйеуі мен танысын ертіп келеді.

18 ақпанда әйелдің үйінде оның қазір бірге тұратын жігіті, әпкесі, әпкесінің күйеуі мен әпкесінің танысы болады. Олар қайткен күнде де үй иесін қорғаймыз деп уәде береді.

Бір кезде үйге бұрынғы жігіті келіп, әңгіменің ақыры жанжалға ұласады. Көмекке әпкесі ұмтылады, бірақ ер адам оны итеріп жібергенде, әйел құлап, қабырғасын сындырған. Ер азамат үй иесін жерге жатқызып, сабай бастайды. Үйдегі ер адамдар жанжалқойға көсеу мен күрек ұстап тап береді де, итеріп көлікке мінгізеді. Жолда оны пышақпен тілгілеп, ақыры мойнын үзіп, өлтірген. Қылмыстың ізін жасыру мақсатында, мәйітті жолда көміп, үстін қармен үйіп тастаған. 

Қылмыстық іс Қостанай облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта қаралады. Сотталушылар: әйелдің бірге тұратын жігіті мен әпкесінің күйеуі. Екеуі де бұрын сотталған.

Дереккөз: sputniknews.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары