Құрбан айт қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысындағы мал базарларында баға біршама көтерілгені байқалады. Қазір ірі қара мен ұсақ малды алушылар көп болған соң, саудагерлер пайда табу жағына көшкен деп жазады Қазақпарат.
Құрбан айт мейрамы шаруалар мен делдалдар үшін тамаша табыс көзіне айналғандай. Мысалы, Шымкенттің іргесіндегі Қарабұлақ мал базарында сатуға әкелінген төрт түліктің де, оны алушының да қарасы қалың. Базардың ішінде сауда қызып тұр. Айт қарсаңында әсіресе бұқалар мен қошқарлардың саудасы жүруде. Себебі, құрбандыққа әсіресе осы малдар шалынады екен. Сатушылардың айтуынша, мал Құрбан айтқа орай арнайы бордақыланған. Ен салынбаған, қырқылмаған. Жалпы, ірі қараның орташа құны 200 мың теңгеден асады. Осылайша жаз жайлауда қой өріткен жандар енді жемісін жейміз деп алақандарын ысқылап отыр. Базардан биыл туған тоқтыдан бастап, асылтұқымды қошқарға дейін сатылуда.
«Негізінен құрбандыққа екі жасар мал сойылады. Оның жасын тісіне қарап білуге болады. Ал, бағасы етіне қарап белгіленеді. Орташа 2 жасар бұқалар 190-200-210 мың теңгеден сатылып жатыр. Семіздері 260-280-300 мың теңгеге дейін барады. Олар шамамен 220-230 келі ет береді. 160-170 мыңның бұқаларын кішкентай деп алмайды. Оның жасы да екіге жетпеген болады. Осы бір айдан асты ет қымбаттаған соң малдың бағасы да көтерілді», - дейді мал сатушы Ұлықбек Сейдахметов.
Сатушылар айт күні мал сатып алушылардың көп болатынына сенімді. Өйткені жыл өткен сайын құрбандық шалушылар қатары артуда. Яғни, қызу сауда ертең басталады. Дегенмен, бір күн бұрын да ұсақ малдың бағасы арзан болмады. Тоқтылар 18-25 мың теңгенің аралығында, ал ірі қойды 25-35 мың теңге аралығында сатып алуға болады. Қошқарларды қолы жеткен ғана алады. Ең арзаны 40 мыңнан басталады. 50-65 мың теңге орташа бағасы. Базарда сондай-ақ 150 мың теңгеге дейін сатылатын қошқарларды табуға болады. Олар етті болғандықтан қымбат.
«Қошқардың алды бүгін 80-100 мың теңге болды. Олар 60-70 келі ет береді ғой. 50-60 мың теңгенің қошқарлары 45-50 келі ет береді. 20-25 мыңның қойлары 15-18 келіге дейін ет береді. Негізінен алушылар 50 мың теңгенің ұсақ малын алып жатыр. Жаз болған соң да мал көп сатылып жатқан. Алушылар аздау қайта. Ертең көбеймесе», - дейді мал алып сатумен айналысатын Нұрбек Бәкіров.
Ал, жылқылар қашан да сұранысқа ие дейді сатушылар. Өйткені оны алушылар семіртіп сойса, енді бірі той-томалақ өткізуге алып жатады екен. Жалпы жылқы атаулының бағасы қазір оңтүстікте 150-600 мың теңгенің аралығында. Оның ішінде, құнан биелер 300-350 мың теңгеден сатылуда. Ал, семіртіп, сойысқа сатылатындарын 250 мыңнан 500 мыңға дейін алуға болады.
Құрбан айт қарсаңында қасапшылар да пышағын қайрап дайындалып жатыр. Мал союды кәнігі кәсібіне айналдырғандардың сөзіне қарағанда, олар бір қойды ең көбі 15 ең азы 5 минутта сояды екен. Ал, қой союдың құны 1 мың теңге тұрады. Биыл Шымкентте мал соятын екі бірдей орын ашылып отыр. Соны қосқанда қалада бас-аяғы 4 бекет пен 7 алаңша болып отыр. Тіпті, орталық мешітте де осындай бекет ашылған. Оның бірі жуырда ғана ашылған қасапхана. Қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында ашылған бекет халал саналады. Мұнда тәулік бойы қалалықтарға қызмет көрсетіледі. Заман талабына сай қасапхананы ашуға 20 кәсіпкер өз үлесін қосқан. Бүгінде мұнда тәуілігіне 250 ұсақ, 50 ірі қара мен жылқыны сойып, жіліктеп беруге барлық жағдай қарастырылып отыр. Қалалықтар кез-келген уақытта осы қорадағы малды сатып осындағы ветеринардың қатысуымен сойғызып алуына болады дейді сала мамандары. Бұл жұмыстардың барлығы шаһардағы тазалықты сақтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Себебі, тиісті талаптарға сәйкес, қалалық жерлерде құрбандықты арнайы орындарда ғана шалуға рұқсат етілген. Көпқабатты үйдің алдында, қоғамдық орындарда құрбан шалғандар әкімшілік жауапқа тартылады. Ал құрбандық талаптарына келсек, бір жанұяның құрбандығы бір жастан асқан ұсақ мал, жеті адамның немесе жеті жанұяның құрбандығы, екі жастан асқан сиыр немесе өгіз, тіпті бес жастан асқан түйе союға да болады. Сондай-ақ, құрбандық еттерін мұқтаж жандарға, көршілерге, туыстарға таратудың сауабы мол.
«Пайғамбарымыз өзінің бір хадисінде жағдайы жетіп тұрып құрбандық шалмайтындар біздің намаз оқитын жерлерімізге мешіттерге жоламасын деп ескерткен. Яғни, бұның астарында мүмкіндігі бола тұра осы құлшылықтан қапы қалған адамның қолынан қандай сауапты уысынан шығарып алып жатқанын осы хадис түсіндірсе керек. Жалпы, құрбандық - бұл Алла жолына арналып шалынатын мал. Ол жаратқанның ризашылығына жақындау саналады»,- дейді облыстың наиб-имамы Мұхамеджан Естеміров.