ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Астанадағы "Абу-Даби Плаза" кешенінде орын алған жаппай төбелеске байланысты тергеудің жүріп жатқанын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қақтығыстың себебі алғаш айтылған болжамдарға еш сәйкес келмейді. Үндістан азаматтары күзет бекетінен топ болып айналып өтпек болған екен.
"Қазір анықталғаны, Үндістан азаматтары топ болып күзет бекетінен тексерусіз айналып өтпек болған. Алдымен оларға ескерту жасалған. Алайда, үнділер талапты орындаудың орнына күзетшіні жабылып соққыға жықан. Мұнан кейін жәбірленген біздің азамат өзге күзетшілерге хабар беріп, олар жабылып шетелдіктің біреуін ұрып тастады. Кейін белгілі болғаны, тағы екі жерде үнді азаматтарын ұру фактісі тіркеліпті", - деді Қ.Қасымов.
Аталған жайт бойынша қазір үш бірдей қылмыстық іс қозғалған.
"Көшеде Үндістанның екі азаматын ұрып кеткен. Бұл шамамен сағат 20:10-20:20 аралығында болған. Біз үнділерді ғимарат ішінен тауып алып, ауруханаға жібердік. Бұл сәтте жұмысшылар жатақханасының маңына қарапайым азаматтар жинала бастады. Біз олардың бәрін ұстап әкетуімізге болар еді, бірақ прокурорлар алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргізсін деп шештік. Қала әкімі олармен сөйлесіп көрдік. Бірақ, тұрғындардың өздерін қаоай ұстағанын бәріңіз көрдіңіздер. Сондықтан біз ең белсенді деген 56 адамды ұстап, учаскеге апарып, олармен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. 8 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартып, олар 5, 10, 15 тәулікке қамалды", - деді министр.
Оның айтуынша, Үндістанның 30-40 азаматы елдеріне қуылуы мүмкін. Мұны қазір сот қарастырып жатыр екен. Ал, күзетшіні ұрған үнділердің үстінен іс қозғалған.