$ 494.87  520.65  4.91

Ұлт жоспары аясында құрылған Жергілікті полиция қызметі өз нәтижесін беріп отыр

2016 жылдың басында елімізде ішкі істер органдарындағы жаңа құрылым – жергілікті полиция қызметі жұмысын бастаған болатын. Жергілікті полиция қызметі Елбасы Ұлт Жоспарында айтқандай, Құқық тәртібі және заңдылық атты екінші реформаның талаптарын қатаң орындап, құқық тәртібін нығайту арқылы азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мақсатында құрылды.

«Жергілікті полиция қызметін» құру туралы тапсырма «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 30-қадамында анық айтылған. Мұндағы мақсат – еліміздің ірі қалаларындағы қылмыс деңгейін төмендету. Қылмысты болдырмай, алдын алуға бағытталған шаралармен айналысу болып табылады. Бүгінде осы мақсат толықтай болмаса да бірте-бірте жүзеге асып келеді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында айтты. 

Ерлан Тұрғымбаевтың баяндауынша, Ұлт жоспарының 30 қадамын жүзеге асыру аясында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жергілікті полиция қызметі құрылған. Жергілікті полиция қызметінің негізгі міндеттері – қоғамдық тәртіпті күзету, көше және тұрмыстық деңгейдегі қылмыспен күрес, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамда ұсақ бұзақылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыру.

Министрдің орынбасарының айтуынша, жергілікті полиция қызметі мәселелеріне қатысты жергілікті атқарушы органдар құзыреті заңды түрде кеңейтілді. Әкімдер қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге қатысты міндеттер қоя алады, сондай-ақ мәслихат депутаттарының келісімімен оның басшыларын тағайындау және қызметінен босату құқығын иеленді.

Бұдан өзге, ол жергілікті полиция қызметінің басшыларына жылына екі рет әкімдік және мәслихат алдында, жылына бір рет тұрғындарға есеп беру міндеті жүктелгенін атап өтті. 

«Жалпы алғанда, жергілікті полицияның өңірдегі әкімдердің алдында есептілігі жергілікті жердің мәселелері мен ерекшеліктерін басты назарға ала отырып, жұмысын барынша ыңғайлы үйлестіруге, сонымен қатар полицияның өзге мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы тиісті деңгейде ұйымдастыруына мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде полиция жұмысының айқындығына айтарлықтай ықпалын тигізді, өйткені жергілікті қауымдастық – мәслихат депутаттары оның қызметін ұйымдастыруға тікелей қатысып отырады», – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Сонымен қатар, ҚР ішкі істер министрінің орынбасары полиция қызметкерлерінің қызметі барысында бейнетіркеуіштерді қолдану оң нәтиже көрсете бастағанын атап өтті. Мәселен, биылғы жылдың басынан бері елімізде патрульдік автокөліктерге орнатылған бейнетіркеуіштердің көмегімен 100 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, бұл істерде бейнетіркеуіштер жазбасы соттарда дәлелдеуші база ретінде қолданылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары