$ 498.34  519.72  4.85

Алматы облысында 4500-ден астам адам жұмысшы мамандығына оқытылады

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде Алматы облысында биылғы жаңа оқу жылында колледждерге 1535 білім алушы қабылданатын болады.

Облыс әкімдігі хабарлағандай, оқуға қабылдануға үміткерлер тізімін жергілікті жерлерде арнайы құрылған мобильдік топтар анықтауда. Бүгінгі күнге жұмысшы мамандықтарды дайындау бойынша 43 мамандықтың тізбесі әзірленіп, колледждер тізімі бекітілген.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру колледждеріне биылғы жаңа оқу жылында жалпы мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде облыстық бюджет есебінен 5600-ден астам адам қабылдау жоспарланып отыр. Соның 4500-ге жуығы жұмысшы мамандықтар бойынша оқытылатын болады. Колледждерде техникалық және технологиялық, ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету салалары бойынша және басқа да бағытта мамандар даярланбақ.

Сонымен қатар, бірқатар колледждерде жаңа мамандықтар ашылды. Мәселен, олардың қатарында «Газ құбырларын пайдалану және жөндеу слесары», «Слесарь – вагондарды құраушы», «Ашыту процесінің операторы», «Сызушы», «Көкөніс тұздаушы», «Қаймағы алынбаған және ашымалы сүт өнімдерін жасау шебері» және басқа да бүгінгі еңбек нарығында сұранысқа ие бірқатар мамандықтар бар. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 90,2 млн. теңге бөлініп отыр.

Айта кетейік, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы 2017-2021 жылдарға арналған. Бағдарламаны қабылдаудағы басты мақсат – қазақстандықтар арасынағы жұмыссыздықты қымқарту, тұрғындарды жеке кәсіпкерлікпен айналысуға баулу. Ол үшін үкімет жоғары оқу орындары мен колледждерде, кәсіби мектептерде жаңа мамандықтар ашуды қолға алып отыр. Аталған мамандықтар қазіргі қоғамда аса сұранысқа ие кәсіп түрлеріне байланысты ашылмақ.

Жаңа бағдарлама 15 пен 45 жас аралығындағы айына 60 мыңнан төмен табыс табатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жұмыссыздарға және кәсіптік біліктілігі жоқ тұлғаларға жұмыс табуға немесе жаңа мамандықты меңгеруге көмектеседі. Қолдау шараларымен 550 мыңға жуық адам қамтылады деп күтілуде, олардың 84% ауыл тұрғындары.

Нәтижелі жұмыспен қамту, бұл – еңбеккерлерге табыс әкелетін шынайы, лайықты өмір сүруді қамтамасыз ететін жұмыс түрі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары