$ 447.4  477.55  4.76

«Қазақстан-2050» Стратегиясы аясында жедел жәрдем қызметінің екі деңгейлі үлгісі жасалады

Мемлекет басшысы жариялаған «Қазақстан-2050» Стратегиясында денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Әсіресе, дамыған 30 елдің қатарына ену үшін қазақстандықтардың орта өмір сүру жасын ұлғайтуды Президент үкіметке басты міндеттердің бірі ретінде тапсырды.

Енді осынау маңызды құжаттың жарияланғанына да 5 жылдай уақыт өтті. Елбасы тапсырмаларын орындау үшін бұл аз уақыт емес. Мәселен, осы бес жылдың ішінде Қазақстанның медицина саласында бірнеше реформа әзірленіп, жүзеге аса бастады. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру болса, екіншісі Денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы. Бұл екі бағдарламада да жедел жәрдем қызметін дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінген.

Бүгінде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді (МСАК) жаңғырту бойынша бірқатар жұмыстар қолға алынған. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында айтты.

Ләззат Ақтаева Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін халық денсаулығын нығайту болып табылатынын мәлімдеді. Жеті негізгі бағыт айқындалды, олардың бірі – медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету (МСАК).

«Жыл сайын Қазақстанда МСАК дәрігерлерінің көмегіне 50 млн аса рет жүгінеді. Бір қазақстандыққа 3 жүгінуден, ал ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 6,7-ге тең», – деп хабарлады Л. Ақтаева брифинг барысында.

Кешенділікті қамтамасыз ету және медициналық жәрдемнің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту үшін емделушінің қажеттіліктеріне байланысты барлық денсаулық сақтау қызметтерін біріктіру саясаты жүргізіледі.

«МСАК үлгісінің құрылымы қайта қаралды, ол жалпы дәрігерлік практиканың шағын формаларын дамытуға бағытталған. Бұл бір дәрігерге артылған жүктеменің 2019 жылға қарай ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін төмендетуге (1500 адамға дейін) мүмкіндік береді.

МСАК медициналық қызметкерлерінің қызметін жеңілдету үшін есеп және тіркеу формаларының саны 30%-ға қысқартылды, бұл қағаз түріндегі құжат айналымын қысқартуға және медициналық қызметкерлерге және МСАК ұйымдарындағы кезекке жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді вице-министр.

Сондай-ақ, дәрі-дәрмекті бірден 3 айға жеңілдетілген жазып берудің арқасында емделушілердің емханаларға баруға уақыт шығыны едәуір азайды. Ай сайынғы тегін дәрі-дәрмек жазып беру тек қымбат тұратын және сирек препараттар үшін ғана сақталады.  

Бұдан өзге, аурулардың бес тобы бойынша ықпалдастырылған үлгі енгізіледі, ол облыстық ауқымдарда медициналық көмек көрсетудің үш деңгейі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарын бөлуді қарастырады.

«Жедел жәрдем көрсетуді жетілдіру мақсатында жедел медициналық көмек қызметінің екі деңгейлі үлгісі жасалады. Ақпараттық қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесі бар үлгі Павлодар және Қызылорда облыстарында сынақтан өткізіледі», – деп хабарлайды Ләззат Ақтаева.

Сондай-ақ, ол Қазақстанда көп бейінді стационарлардың ауруларды қабылдау бөлмелерінің жаңа форматын: триаж жүйесі, емделушіге бағытталған әдіс, бөлімшелердің кадрлық және материалдық-техникалық жабдықталуын қайта қарауды енгізу жоспарланғанын атап өтті.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары