$ 448.89  477.93  4.76

Б.Байбек Алматы зообағын 80 жылдығымен құттықтады

Биыл Алматыдағы және Орта Азиядағы ең ірі хайуанаттар бақтарының бірі саналатын Алматы зообағына тура 80 жыл. Айтулы мерейтойға орай мекеме басшылығы осы демалыста келушілерге арнап ерекше мереке ұймдастырды. Ал, хайуанаттар бағы ұжымын төл мерекелерімен құттықтауға жергілікті тұрғындармен бірге қала әкімі Бауыржан Байбек те келіп, жылы лебіздерін білдірді.

 Шаһар басшысы өз сөзінде еліміздегі ең көне хайуанаттар бағының  бірі – Алматы зоологиялық паркі алғашқы келушілерін сонау 1937 жылы қарсы алғанын атап өтті. Оның алғашқы экспозициялары 7 гектарға орналасқан еді, кейін бір­тіндеп аумағы ұлғая бастап, 22 гек­тарға дейін жетті. Алғашқы жылдары хайуанаттар бағындағы коллекцияда небәрі аңдар мен жануарлардың онға жуық түрі болса, бүгінгі таңда олардың саны 4  мыңнан асады.

– 80 жылдың ішінде зоопарк алматылықтар мен оңтүстік астана қонақтары үшін жиі келетін сүйікті  демалыс орнына айналды. Бізді  мұнда ата-анамыз алып келетін, біз бақытты едік. 30–40 жылдан соң сіздердің балаларыңыз өздерінің балаларын алып келіп, мені ата-анам осында алып келген еді дейтін болады. Қазір мегаполисте ауқымды жүргізіліп жатқан  абаттандыру жұмыстарымен қаланың тарихи орталығының үштен бірі қамтылған, көшелер ғана емес, үйлердің сыртқы келбеті де көріктенуде, жұмыс «қала адамдары үшін» принципі бойынша жүзеге асуда. Бұл оң істен зоопарк те сырт қалған жоқ. Оны жаңарту үшін неміс архитекторы Питер Разбахтың шеберлік-жоспары жасалды, кезінде ол Дюссельдорфтағы, Берлиндегі, Тегерандағы, Дубайдағы, Туриндегі зоопарктердің жобасын жасаған, – деді Алматы қаласының  әкімі.

Сондай-ақ, қала басшысы өз сө­зінде аталған жоба негізінде зоопарк­тің географиялық аймақ принципі бойынша 90 пайызға жаңартылып, құрылымы толық өзгеретінін, аңдарды ашық табиғатта қоректіндіру прин­ципінің жүзеге асатынын айтты.

Зоологиялық парк директоры Ержан Еркінбаев бүгінгі күні мұнда аңдардың өліміне жол бермеу үшін нақты шаралардың жүргізіліп жатқа­нын, жан-жануардарды қоректендіру рационының қайта жасалғанын, азық сапасының бақылауда екенін, вольер­лердің қайта жасалғанын, жаппай абаттандыру жұмыстарының жүргі­зіліп жатқандығын атап өтті.

– Қазіргі таңда хайуанаттар бағын­­да тіршілік ететін ақ және гималай аюларының кең бассейндері бар,  шөбі мен ағашы бар аула пайда болды. Аквариум, амур жолбарысы­ның орны жаңғыртылуда, экзоти­калық құстар вольерлері жаңаруда. Осының барлығы әкімдіктің, тілек­тестік білдірген достарымыз бен де­меу­шілердің қолдауының  арқасында  іске асты. Зоопаркті қаржыландыру да едәуір өсті. Егер  2016 жылы жер­гілікті бюджеттен 409 млн. теңге бө­лінсе, биылғы қаржы 500 млн. теңгені құрайды. Сонымен қатар, зоопарктің өз табысы 300 млн. теңгеге жуық, демеушілік көмек – 140 мил­лионнан астам. Зоопарктегі оң өзгерістердің арқасында келушілер қатары 20 пайызға өсті, –  деді Е.Еркінбаев.

Алматы қаласының әкімі зообақ қызметкерлерін дипломдармен және  сыйлықтармен марапаттады, олардың кейбіреулері мұнда 20 жыл бойы жұмыс істеген екен, қиын  кезеңдерге қарамастан сүйікті істерін  таста­маған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары