Алматы қаласында Латын әліпбиіне көшуді қолдауға арналған тағы бір жиын өтті. Шараны Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті ұйымдастырған.
Мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіруде бірыңғай стандартты енгізуді талқылау мен қолдауға арналған желілік кестесіне сәйкес ұйымдастырылған жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев және университет ғалымдары қатысты.
– Сөзімді Елбасымыздың «Қазақстан халқының 95 пайызы қазақ тілінде сөйлеуі керек» деген сөзімен бастаймын. Кирилл алфавитіне көшкенде көптеген мәселелер де бірге келді. Орыс тілінен енген қаріптермен әліпбиіміз 42 әріпке жетті. Ал, латын әліпбиіне көшсек басы артық емле ережелерден құтыламыз. Яғни, емле ережелері азаяды, - деді Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы А.Оразбекқызы.
Ал профессор Қаламқас Сейдуллақызының айтуынша «қазақ жазуында үлкен бір серпіліс жасау керек». Профессор әсіресе, дәлелденген диакритикалық нұсқаны қабылдаған жөн екенін тілге тиек етті.
– Қай кезден бері латын әліпбиіне көшу қажеттілігі туралы сөз болып, енді нақты әрекетке көшетін уақыт туды. 25 әріпті жиырма бес жылда терең түсіне, сезіне отырып жасаған қадам деп түсінген дұрыс шығар. Негізі Латын әліпбиіне көшу ең алғаш 1926 жылы Бакуде өткен симпозиумда әр елден келген көптеген ғалымдардың қатысуымен қозғалды. Түбі бір түркі халқының ішінде Түркия 1928 жылы латын әліпбиіне көшті, - деді ол.
Жиында Латын әліпбиіне қашан көшеміз деген студенттер сұрағы да жауапсыз қалмады.
Студенттерге жауап беру барысында Қаламқас Сейдуллақызы 2017 жылдың аяғына дейін әліпбидің нұсқасы ұсынылатынын, 2018-2022 жылдарға дейін дайындық жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ, 2025 жылдан бастап бірінші сыныптарға оқытылады деген ақпаратымен бөлісіп, студенттердің көкейіндегі өзге де сұрақтардың жауабын берді.
Еске салайық, Мемлекет басшысы биыл сәуір айында жариялаған «Болашаққа бағдар: ұлт жоспары» атты мақаласында қазақ тілін кешіктірмей латын әліпбиіне көшіруді үкіметке тапсырған болатын. Осы мақала жарияланысымен рсепубликалық деңгейде жұмыс тобы құрылып, латын әліпбиінің жаңа нұсқасын әзірлеуге кірісіп кетті. Алғашқы жоба осы қыркүйек айының басында Парламент депутаттарының талқылауына ұсынылған болатын. Алайда, Ш.Уәлиханов атындағы тіл институты мамандары даярлаған диграфты нұсқа қоғам белсенділерінің сынына ұшырады. Өйткені, аталған нұсқада қазақ әріптері таңбаланбаған. Оның орнына жоба авторлары қосарланған әріптер ұсынып отыр. Дегенмен, бұл нұсқа әлі де болса талқыланып, лингвист-мамандар өз пікірлерін айтатын болады.
Ақбота Мұсабекқызы