$ 498.34  519.72  4.85

Ақтөбеде қазақтар мен армян диаспорасының арасында дау ушығуы мүмкін

Ақтөбеде жергілікті қазақтар мен армян диаспорасы өкілдерінің арасында пайда болған дау ушығып кетуі мүмкін. Дауға себеп - отызыншы жылдары Қазақстанды басқарған Левон Мирзоянның ескерткіші. Қазақ тарихшылары Мирзоянның "қызыл террорға" үлес қосқанын бұған дейін талай айтып, архивтік құжаттар арқылы дәлелдегені есте. Сондықтан, аталған ескерткішті мүлдем сүріп тастау керек дейді олар. Ал, жергілікті армян диаспорасы бұған қарсылық танытуда деп мәлімдеді КТК телеарнасы.

Қазір Ақтөбенің қақ ортасындағы бұл көктасты жоқ қылуды қалайтындар көп. Әсіресе, қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының жанын жегідей жеп жүр. Өйткені, Қазақстанды 30-шы жылдардың аяғында басқарған Левон Мирзоянның кесірінен мыңдаған адамның жазықсыз атылғаны құжаттармен айғақталды. «Қызыл террорды» ұйымдастыруға белсене атсалысқан адамды ұлықтауға негіз жоқ екенін айтады.

Бақытжан Құрманов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Бұл  қазақ халқын бір қолымен басынан сипап, екінші қолымен қанды қолымен қазақтың талай белсенділерін, талай аталарымызды қырғаны белгілі болып тұр. Неге соларды қырған адамға қаланың қақ ортасынан ескерткіш қояды? Неге оған көше беріледі? Біздер осы биліктен заңды тұрде осы ескерткішті алуын талап етеміз. Сұрамаймыз, талап етеміз.

Армян диаспорысының өкілдері болса мұнымен келіспейді. Олар Мирзоянның кінәсі әлі ресми дәлелденген жоқ деген пікірде. Сондай-ақ, қылмыс жасаған күннің өзінде оған қазақтар кешіріммен қарау керек дегенді де айтып отыр.

Арутюн Микаелян, Ақтөбе облыстық армян диаспорасы ақсақалдар алқасының төрағасы:

- Біз көше аты мен ескерткіш бұрынғы қалпында қалу керек деп есептейміз. Себебі, бейкүнә адам болмайды. Күнәсі болса істеген жақсылығымен де таразылап көру керек.

Орнатылғанына 20 жыл болған ескерткіш бәрібір сүрілетін секілді. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, нысан рұқсатсыз орнатылған екен. Яғни, атқамінерлер бұл заңсыздықты тек 20 жылдан кейін бір-ақ біліпті.

Фархад Досмұратов, Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бас инспекторы:

- Левон Мирзоянның ескерткіш белгісі біріншіден Ақтөбе облысындағы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер мемлекеттік тізімі деген бар.  Бұл ескерткіш белгі сол тізімде жоқ. Сондықтан да оны алып тастауға болады.

Ақтөбеліктер большевиктің атындағы көше атауын да өзгертуді бірнеше жыл бойы биліктен сұрап келеді. Әзірге қалалық мәслихат депутаттары ғана Мирзоян көшесін Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға беруге шешім шығарды. Бірақ облыстағы әріптестері мен ономастикалық комиссиядан хабар болмай отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары