Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі биылдан бастап қолданысқа енгізілгені белгілі. Алайда, аталған реформаны түсінбеген тұрғындар саны елімізде әлі де болса көп. Содан да болар, кейбір жұмысшылар сақтандыруға кімнің қанша ақша аудару керектігін әлі де білмейді. Білместіктен кейін түрлі наразылықтың да туындайтыны белгілі.
Осындай теріс көзқарастың туындамауы үшін қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері жер-жерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мақсат – халықты ақпараттандыру. Осындай шаралардың бірі күні кеше Алматы қаласында өтті. Оны «Нұр отан» партиясының өкілдері ұйымдастырып, медицна мамандары атсалысты.
Түсіндіру жұмыстары Жетісу ауданыныі аумағында өтті. Оған партиялықтардан бөлек №11 қалалық емхананың қызметкерлері жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аудандық Қоғамдық кеңес пен Саяси кеңестік мүшелері қатысты.
Кездесу барысында ақпараттық-насихаттық топ мүшелері тұрғындардың өзекті мәселе тудырған сұрақтарына жауап беріп, емханаға тіркелу тәртібін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруда әр адамның өз деңгейін қалай анықтау керектігін түсіндірді.
- Медициналық сақтандырудың тиімділігі баршаға ортақ жүйенің дамуына мемлекет те, жұмыс беруші мен азаматтар да бірдей жауапты, - деді өз сөзінде №11 қалалық емхана дәрігері Айман Нұртаева.
Жиналыс барысында азаматтардың қай емханада тіркелгендігі өте маңызды екені және осы іс-шараның өткізіліп отырғаны медициналық сақтандыру саласында қажет екендігі атап айтылды. Әрбір азамат өзінің тұрғылықты жеріне барып, қай емханада тіркелгендігін анықтап, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз деңгейін жеке куәлік арқылы білуге болатыны түсіндірілді.
«Нұр Отан» партиясы Жетісу аудандық филиалының бірінші орынбасары Ерлан Әлбисеновтың айтуынша, ауданда орналасқан барлық медициналық мекемелерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қағидалары тұрғындарға толық жеткізілген. Түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде барлық санатта тіркелген азаматтар басталған реформалық жұмыстар жайында хабардар екені анықталған. Іс-шараны аяқтай келе, барлық қатысушыларға әр деңгейдегі халық санатын есепке ала отырып жасалған ақпараттық кітапшалар таратылды.