$ 448.89  477.93  4.76

Еріктілер Үлкен Алматы көлі аймағын қоқыстан тазартты (ФОТО)

Алматының жастары Үлкен Алматы көлінің аумағын қоқыстан тазалау үшін табиғатқа шықты. Шараны «Еріктілер лигасы» қоғамдық қоры ұйымдастырған. Басты мақсат - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру.

Бас-аяғы 200-ден астам белсенді жас демалысын табиғат аясында өткізумен қатар қоршаған ортаға да пайдаларын тигізді. Еріктілер мен ЖОО студенттері адамдардан қалған тұрмыстық қалдықтарды тазалап, демалушыларға үлгі боларық іс көрсетті.

– Шараның мақсаты білімді жақсартуға, жастардың қоршаған ортаға деген махаббатын арттыру және оларды белсенді демалыс пен салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін жас қыз-жігіттерді Алматының ең көрікті жерлеріне апармақпыз. Сондай-ақ, Президенттің «Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген жобаларды іске асыруы да көздейміз. Біз мұнда демалып қана қоймай, табиғатты қоқыстан тазартамыз. Жалпы, мұндай шаралармен бұрын да айналысып жүргенбіз. Сондықтан ұйымдастыру жағы қиындық туғызбайды. Мәселен, дәл бүгінгі шараға барлығы 234 адам атсалысып отыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Туған жерді қорғау, қолдау керектігіне осындай тәжірибе арқылы көз жеткіземіз, - дейді шараны ұйымдастырушылардың Камилла Сағдиева.

Жастардың бұл игі бастамасына қорғауға алынған аймақты бақылаушы шекара қызметкерлері де қуаны. Ал, Үлкен Алматыға демалуға келген туристер болса жастардың бұл әрекетін көріп, өздерінің арттарынан қалған қоқысты тазартты.

– Біз – Алматы еріктілері барлық шарада белсендіміз. Біз Универсиада, ЭКСПО сынды еліміз үшін маңызды шараларда да белсене атсалыстық. Ал, сүйікті қаламыз Алматыға келгенде шығар жанымыз бөлек. Қала аймағын, көрікті жерлерді, табиғат аясын қоқыстан тазарту туралы идеяны қуана қолдадық. Бүгін Үлкен Алматы көліне келген өзге де қонақтар біздің әрекетімізге таң қалып, әрі қолдап жатыр. Еріктілермен бірге, осындай игі бастамалардың басында жүргеніме өте қуаныштымын, – дейді алматылық жас тұрғын Темірлан Сүлейменов.

Жоба Алматы қаласының жастар ісі жөніндегі басқарманың қолдауымен және «Алматы қаласының еріктілер» қозғалысының қолдауымен өтті. Шара барысында еріктілерге түрлі де қызықты дамытушылық бағыттағы ойындар мен сайыстар ұйымдастырылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруды бүкіл қазақстандықтарға тапсырды. Яғни, әр азамат өзі туып-өскен аймақтың үлденуіне, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына атсалысулары керек.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары