Таразда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында республикалық семинар-тренинг басталды. Іс-шара «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат: дамудың жаңа кезеңінің міндеттері» деп аталады. Оны ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ұйымдастырып отыр. Басқосу сондай-ақ, Қазақстан Халқы ассамблеясының ХХV сессиясында белгіленген міндеттер мен қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға да бағытталған.
Мағынасы терең, маңызы зор мұндай жиын Жамбыл облысында осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Оның өзіндік себептері де бар. Құт дарыған киелі өңірде бүгінгі 80-нен астам диаспораның өкілдері береке мен бірлікте өмір сүруде. Семинарға шақырылған қонақтар алдымен осы сан алуан этностың салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан көріністерді тамашалады.
Республикалық деңгейдегі семинар-тренингте жаңа дәуірдегі жаңғырудың негізгі тетіктері, елімізге рухани жаңғырудың ықпалы жан-жақты айтылды. Оның ішінде мемлекеттегі этноконфессионалды жағдай, рухани жаңғыру бағдарламасын іске асырудағы қоғамдық келісім кеңестері қызметінің жаңаша қағидаттары жайы кеңінен сөз болды.
Тақырып ауқымды. Айтылар пікірлер де сан алуан. Елбасы бұл бағдарламалық мақалада атқарушы органдар алдына аз міндет қойған жоқ. Сондай-ақ, Ассамблеяның кезекті сессиясында да қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша да алға қойылған мақсаттар жетерлік. Бұлардың барлығын жіктеп-жіліктеп түсіндіру мен түсіну бүгінгі семинардың басты мақсаты.
Семинар-тренинг үш күнге созылады. Келген қонақтар осы уақыт ішінде қатысушылармен тақырып аясында дәріс-әңгімелесу, тренингтер, фокус-топтар, пікір алмасу мен практикалық сабақтар өткізіледі. Сондай-ақ, Тараздың көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырылады деп күтілуде.
Естеріңізге салайық, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы биыл сәуір айында жарияланған болатын. Алты басым бағыттан тұратын мақаланың негізгі мақсаты – қоғамдық сананы жаңғырту. Тек қоғамдық сананы жаңғыртып, халықтың ой-танымын өзгерткен кезде ғана біз өркениетті елдердің қатарына қосылып, дамыған отыз елдің тізімінен орын аламыз.