$ 498.34  519.72  4.85

Алматы өрт сөндірушілері мотоцикл экипажының пайдасы туралы айтып берді

Алматының Төтенше жағдайлар департаменті 4 су жаңа мотоциклмен толыққан болатын. Енді өрт сөндірушілер діттеген жеріне жылдам жету үшін аталған транспорттың көмегіне жүгіне алады.

Бүгін департамент өкілдері аталған көлік түрлерін қанша теңгеге сатып алғанын мәлімдеді.

«Біз мотоциклді экипажды қала әкімі Бауыржан Байбектің келісімімен жергілікті бюджет есебінен сатып алдық. Олар екі-екеу болып жүреді. Өртке қарсы ГИРС жүйелерімен жабдықталған. Яғни, осы мотоциклдермен барып, шағын аумақтағы өртті сөндіруге болады. Сондай-ақ, жол көлік оқиғасы болған жерге жылдам жетіп, майысқан көліктердің есіктерін ашып бере алады. Мотоциклдердің ол үшін арнайы жабдықтары бар. Әзірге қала бойынша 4 мотоцикл бар. Бұл пилотты жоба. Қазақстанның әлі бірде-бір қаласында мұндай жоба жүзеге асқан жоқ. Біз төрт мотоциклді 40,4 миллион теңгеге сатып алдық. 7 ай ішінде мотоцикл экипажы 40 рет шақыртуға барған. Олар екі адамды ажалдан да құтқарып қала алды», - дейді Алматы қалалық ТЖД-нің ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова.

Оның айтуынша, қаланы дамытуға бағытталған «Алматы-2020» бағдарламасындағы басым жеті бағыттың бірі «Қауіпсіз қала» жобасы екені белгілі. Алматы қалалық ТЖД берген мәліметке сүйенсек, 2017 жылы қала әкімдігі шаһарды төтенше жағдайларға қарсы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 1 млрд 981 миллион теңге бөлген екен. Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында бұл қаражаттың 1 млрд 449 миллионы, яғни 73 пайызы игерілген.

Сонымен қатар, Алматы қалалық ТЖД ағымдағы жылдың 6 айында төмендегі техникаларды сатып алуға байқау жариялаған:

- 4 сағатқа арналған демалу аппараттары – 238,2 млн теңге

- автокөлік құралдарын сатып алу – 1 млрд 174 млн теңге

- 185 дана дабылдық құрылғы – 523,3 миллион теңге

- дабыл қондырғыларын орнатуға техникалық рұқсат алу үшін қажетті жобалық зерттеу жұмыстары – 18,2 миллион теңге

- Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы, Ақсай өзендерінде сел қауіпсіздігін бақылауды ұйымдастыру әдістемелігін жасау – 27,3 миллион теңге.

Бүгінде алматылық өрт сөндірушілерде 128 техника бар. Оның 73-і негізгі, 23-і арнайы және 32-сі көмекші автотранспорт. Ал, бүкіл Алматы қаласын қажетті техникамен қамту үшін тағы 169 дана өрт сөндіру көлігі қажет екен.

2017 жылы төтенше жағдайлармен күреске және алдын алуға жергілікті бюджеттен 5 млрд 400 миллион теңге қарастырылған.

Еске салайық, алматылық өрт сөндірушілер былтыр 7 қараша күні «ЯВА-660» маркалы төрт мотоциклді сатып алған болатын. Аталған көліктер Алматы әкімдігінің тапсырысымен арнайы жасалыпты. Онда шағын өртті өшіруге арналған, адамдарды құтқаруға арналған жабдықтардың барлығы бар. Мотоциклді экипаж өз жұмысын биыл 1 сәуір күні бастады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары