$ 498.55  524.28  4.75

Алматы әкімдігі атжалмандармен күресуге 80 миллион теңге бөлді

Алматыда 25 қыркүйектен бастап атжалмандардың көзін жоюға бағытталған ауқымды шара басталды. Алматы қалалық дезинфекция орталығы өкілдерінің айтуынша, аталған шара аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуын алдын алуға бағытталған. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 80 миллион теңге қаражат бөлініп отыр.

Кеміргіштерді улауға арналған улы дәрілер негізінен жер үйлердің орналасқан маңайға, саябақтарға, сондай-ақ, көпқабатты үйлердің жертөлелеріне қойылған. Негізгі дезинфекция жұмыстары Наурызбай мен Түркісіб аудандарында жүргізіледі. Өйткені, атжалмандардың ең көп тараған жерлері осында.

Бөлінген қаражатқа мамандар улы дәрілерді сатып алумен қатар, тазарту жұмыстарын жүргізіп, бұл жұмыстарды атқаратын мамандарға жалақы ретінде төлейді. Сонымен қатар, дәрі дайындайтын қондырғыларды да сатып алу жоспарда бар.

«Кеміргіштер әрдайым адамдармен бірге өмір сүреді және олар қауіпті жұқпалы аурулардың таратушысы болып есептеледі. Олардың 50-ден астам түрі қауіпті ауруларды таратушылардың санатына жатады. Ал, егер бұл кеміргіштер тістеген жағдайда адам да, үй жануарлары да өліп кетуі әбден мүмкін. Бұдан бөлек, атжалман секілді кеміргіштер қала экономикасына айтарлықтай зиянын тигізеді», - дейді «Алматы қалалық дезинфекция орталығы» ММК директоры Есен Бекбосынов.

Кеміргіштерді улау жұмыстары Алмаиыда 26 қазанға дейін жүргізіледі. Бүкіл қала аумағындағы маңызды орындардың барлығын қамту үшін аталған орталық жанынан 8 мобильді топ құрылған. Олардың құрамында эпидемиолог мамандар бастаған 60-тан астам адам бар.

Кеміргіштерді улау жұмыстары барысында родентицид деп аталатын дәнді у дәрілері және «Брамодиалон» деп аталатын препарат қолданылады. Қазақстан аумағында бұл улы заттарды қолдануға рұқсат етілген. Жалпы, Алматыны атжалмандардан тазалау жұмыстары бұл жолы 47 мың тектар жерді қамтиды.

Осы ретте айта кету керек, Алматыда соңғы уақытта атжалмандар саны тым артып кеткен. Мәселен, былтыр қараша айында жергілікті тұрғындардың бірі бір топ кеміргіштің емін-еркін қала ортасында жүргенін бейнекамераға түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы таратқан болатын. Мамандардың айтуынша, атжалмандар 150-ден астам алматылықты тістепті. Күн сайын қалада 100-ден астам кеміргіш ұсталады және көзі жойылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары