$ 443.85  474.3  4.8

Алматыда жат ағымдар жетегінде кеткендерді «кері қайтару» жұмыстары жүргізіліп жатыр

Қазақ қоғамын алаңдатып отырған басты проблемалардың бірі – теріс діни ағымдар екені белгілі. Елімізде ислам атын жамылған түрлі ағымдар мен секталар күн сайын өз қатарларын жастармен толықтырып, үміт артып отқан өскелең ұрпақтың арасына ылаң салуда. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан деструктивті діни ағымдардың алдын алуға бағытталған шаралар аз өткізіліп жатқан жоқ. Дегенмен, жат ағыммен күресті тағы күшейтпесек олар ел болашағына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін.

Бұл ретте Алматыдағы «Шаңырақ» оңалту орталығының жұмысын өзгелерге мысал етуге болады. «Дінмен уланғандарды» емдейтін орталыққа келушілердің қатары соңғы уақытта артып келеді. Өйткені, мұндағы мамандардың жұмысы нәтижелі. Орталық жетекшісі Мадияров Мирхаттың айтуынша, ислам дініндегі радикалды деструктивті ағымдардың ішінде сәләфия (уахабизм) ағымы үлкен қауіп туғызып отыр. Былтыр еліміздегі лаңкестік оқиғалардың артында да осы ағым өкілдерінің тұрғаны белгілі.

Ал, «Шаңырақ» орталығы ашылғалы 2 жыл өткен. Орталықтың миссиясы – деструктивті ағымдарға кіріп кеткен адамдардың ойын өзгертіп райынан қайтару. Осы уақыт аралығында 617 адаммен жеке профилактикалық кездесу өтіпті. Мамандар негізінен «сәләфия» ағымына бой алдырғандарға көңіл бөлуде.

 «17-сұраққа келгенде кері ағым деген қандайлар деп сұраймыз. Сонда олар өзін-өзі айта алмай қалады. Аузы бармайды», - дейді Мирхат Мадияров.

«Бұл бауырларымызбен сөйлескенде сенікі қате деп кесе айту дұрыс емес. Себебі, олар тік қабылдайды. Сондықтан, барынша мұқият сөйлесеміз. Көп жағдайда біздің байқауымызша, келген адамның көбі адасушы, әдейі істемеген. Дінде бірдеңеге сеніп тұрған адамға басқа нәрсе айту өте қиын. Ең бастысы, жүрегіне күмән дәнін себу. Дәрістерге келген сайын күмән дәніне су құя береміз. Екі жақ тепе-тең түскенде сол кезден бастап өз жағымызға тартып кетуге тырысамыз», - деді ол.

Дін маманының айтуынша, сәләфия ағымының өкілдерін сырт келбетінен, сөйлеген сөзінен тануға болады.

«Сақал сәләфиттің анық белгісі емес. Сақалды Ханафи мазхабы да такфиршілер де, таблиғи жамағаттағылар да қояды. Сәләфилердің балақтары қысқа. Бірақ біз белсенді жұмыс істей бастаған соң балақтарын ұзарта бастады. Сөйлеген кезде лексиконда «субханалла, машалла, алхамдулилла»  сөздерін тым жиі қолданады. Сондай-ақ, мешіттегі іс әрекеттерінен де байқауға болады. Намаздан соң құран оқуға қалмайды. Намазға ұйығанда алдыңғы сапқа тұруға тырысады», - деді ол.

Деструктивті діни ұйымдардың ықпалына тек қана ерлер ғана түсе бермейді. Сондай-ақ, сәләфия ағымы әйелдер арасында да кең таралған. Әдетте күйеуі сәләфия ағымында болса, әйелі де сол ағым жетегінде кетеді.

Бүгінде көк базар аймағында «Шаңырақ» оңалту орталығының әйелдерге арналған бөлімі ашылды. Онда адасқан әйелдермен теолог әйелдер жұмыс істейді. Алайда, әйелдердің сеніміне селкеу түсіру өте қиын дейді маман.

«Әйелдердің сенімі көзсіз болады. Тіпті Алатау ауданындағы бір жағдайда анықтай келгенде ерін әйелі сәләфия ағымына тартып алғаны белгілі болды», - деді М.Мадияров.

Айта кету керек, «Шаңырақ» орталығының Бекет ата мешітінде үшінші бөлімшесі бар. Ол негізінен мешіттермен жұмыс істейді. Сарапшының айтуынша, орталық ашылып, кері насихат жұмыстары басталғалы бері сәләфия ағымының беті қайтқан. Осыдан екі ай бұрын ахуал өте шиеленісіп тұрса, қазір біршама тынышталды.

Орталық жұмысының келесі бір бағыты – тергеу орындарында насихат жұмыстарын жүргізу. Ұлттық қауіпсіздік департаментінің тергеу изоляторында, ТИ-1, ТИ-8 мекемелерінде ҚМДБ «Шаңырақ» орталығына белгілеп берген имамдар, деструктивті діни ағым өкілдерімен 23 сұхбат өтті. Оның ішінде 5 адам өз ұстанымында қалса, 1 адам толық оңалды. 6 адам теологтармен жұмыс жасай бастады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары