$ 499.51  525.83  4.62

Журналистер білікті мамандардан сабақ алды

Астанада Astana Media week жобасы аясында өңірлердегі қазақ тілді БАҚ өкілдеріне арнап семинар өткізілді. Журналистердің біліктілігін арттыруға бағытталған жаңа форматтағы семинар «Қазмедиа орталығында» өтті. Айта кетейік, аталған іс-шараны Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысымен «Ел-шежіре» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Тренингке «Қазақстан» телерадиокорпорациясының филиал жетекшілері, облыстық, қалалық және аудандық басылымдардың редакторлары мен тілшілері, барлығы 160-дан астам адам қатысты.

Семинар екі блоктан тұрды. Түске дейін жаңа медиадағы контентті дамыту, ақпараттың рас-өтірігін тексеру (фактчекинг) мәселелері талқыланды. Бұл туралы тренингке қатысушыларға «Мінбер» журналистерді қорғау орталығы жанындағы жаңа медианы зерттеу тобының жетекшісі Асхат Еркімбай және «Ұлан» газетінің редакторы, Factchect.kz қазақ бөлімінің редакторы, медиатренер Жұлдыз Әбділда айтып берді.

Түстен кейін тренингке қатысушылардың алдында журналист, Бас редакторлар клубының вице-президенті Бибігүл Жексенбай және журналист, блогер Өркен Кенжебек дәріс оқыды. Олардың дәрісі БАҚ-тың даму болашағына (конвергентті журналистикаға), күрделі айтыс-тартыстарды БАҚ-та жариялау мәселелеріне арналды.

Сонымен қатар тренинг барысында күнделікті өмірдегі әртүрлі жағдайларды жаңа әдістер арқылы модельдеу, сараптау және талдауды үйрететін практикалық сабақтар өткізілді.   

Семинардың арқасында өңірлік БАҚ өкілдері тек тың білім алып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасып, басқа өңірлерден келген әріптестерімен іскерлік байланыс орнатты.

Анықтама үшін: «Astana Media week» қазақстандық медиа-апталығы елордада 2017 жылдың 4-6 қазаны аралығында өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырмасы бойынша «Қазмедиа орталығында» өткізілді, онда ұйымдастырылған 10 іс-шараға 2000 адам қатысып, 103 спикер сөз сөйледі. Сонымен қатар «Контент-маркет» көрмесіне 25 республикалық және өңірлік телеарна, еліміздің барлық аймақтарынан 100 продакшн-компания қатысты.

Жасұлан Наурызәлиев

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары