$ 498.34  519.72  4.85

Басына бәле келсе, бақа да ауады

Көптен бері көңілімнен қоныс таппай жүрген бір ой қалам тербеуіме мәжбүр етті. Көкейімдегі ащы да болса шындықты көпке айтуды, ортаға салуды жөн көрдім. Көп сөйлемей, көңілімдегі шерді шертейін. Шер десем өкпе айтқаным болар.

Бұл – шындық. Уақиға былай болған еді. Екеуіміз Қытайдан, екеуіміз Моңғолиядан келген төрт жігіт күндік жұмысқа шықтық. Бір кісімен келісіп, жұмысын жасап, ақшасын алып қайтатын болып бардық. Екі қабат үй (коттедж) салдырып жатыр екен. Біз де білекті түріп, жұмысқа кірісіп кеттік. Бізді ертіп алып барған қожайынымыз басында жап-жақсы болатын. Қасымызға келіп, жөн сұрады. Біз аңқылдап бәрін айтып салдық, Қытайдан, Моңғолиядан келгенімізді де жасырмадық. Оның ішінде ала мысық өліп жатқанын қайдан білейік. Жұмысын бітіріп қайтуға ыңғайланып, ақша берерге келгенде, қипалақтай бастады. Қипалақтағаны былай тұрсын, қиғылық салды. Қиғылық салғаны былай тұрсын, қырып жібере жаздады. Тырнақ астынан кір іздеп, жасаған жұмысымызды жоққа шығарды. Қысқасы, ақша бермеудің айласын іздеді. Ақша бермегені былай тұрсын, байекең бізді балағаттай жөнелді. Балағаты жай емес, бізге батпандай ауыр болды. «Сендер оралмансыңдар, сендер кезінде қашып кеткенсіңдер, елді, отанды сатып кеткенсіңдер, біз нағыз батырдың ұрпақтарымыз, біз отанды қорғап қалғанбыз. Сендер кезінде Отандарыңды сатып кетіп, енді еліміз егемендік алғанда неге келдіңдер? Сендер сатқынның ұрпақтарысыңдар, сендерді өйту керек, бүйту керек. Қазір жоғалыңдар, жоғалмасаңдар, атып тастаймын»,– деп кіжінді келіп, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып. Ақшасы құрсын, сөзі еттен өтіп, сүйекке жетті-ау. 

Байекеңнің аялы алақанынан ақша алған емес, батпандай балағатын көтеріп қайттық. Қасымдағы жігіттердің еңсесі түсіп, сағы сынып-ақ қалды. 
Мен де оңбадым, жүрегім ауырып, көзіме жас келді. Жұмыстан шарша­ған­мен қоймай, сүйектен өткен сөз меңдетіп тастады. Көзіме мөлтілдеген жас неше келді, іркіп тастаймын. Жүрегімді жұлып алғандай ауырды. Ашу ма, ыза ма, жоқ әлде, байдың айтқандары бір түйін болып түйілді ме, өңешегімде бір ащы түйін пайда болды. Тотияйындай ойып түсіп, ішімді күйдіріп барады. Құлағыма әлсін-әлсін байекеңнің балағаты естіледі. 

«Сендер сатқынсыңдар, отанды сатып кеттіңдер» деген сөзі қайталана береді.

Кейде шынымен біз отанды саттық па? Ел ауа көшкеннің себебі неде? Егер басына қиын іс түспесе, заманына зобалаң келмесе ел ауа көшпес еді деп қоям өз сөзіме өзім жауап беріп. Құдай- ау, өз жанын, ұрпағын сақтап қалу үшін хайуандар да қатерлі әрекеттерге барады ғой. Оған қарағанда біздің бабаларымыз есі бар адам баласы ғой. Соны ойлап, ұзақ ойға шомдым. Осы сұрақтар мені ұйқымнан тоғыз оянып, тоқсан толғануыма апарды.

Хайуандар демекші, сол сәтте есіме баяғыда өзімнің кішкентай кезімде басымнан өткен бір уақиға көз алдымда кинодай жылжып өтті. Шырылдаған шыбын жаны үшін, мына тылсым дүниеден аз да болса өзіндік үлесі бар кішкентай ғана жәндіктіктің тіршілігін жалғастыру мақсатында, ұрпағын сақтап қалу жолында мынандай бір тәуекелге барған еді.

Ол уақиғаны сіздерге түсінікті болу үшін қысқалай баяндап берейін. 

Менің Қытайдағы туған ауылым Қазақстанның Нарынқол ауданына шекералас еді. Нарынқолдың Абай, Сүмбе ауылдары көз ұшында көрініп тұрады. Салт атты адам ет пісірім уақытта жетіп барады. 

Қазақстан мен Қытайдың шекарасын бөліп тұрған Текес өзені ғана. Сол Текес өзенінің Қытай жақ жағалауында қалың орман бар еді. Қыстың күні ел жылқыларын сол тоғайға кіргізіп жіберетін де, жетісінде бір барып түгендеп қайтатын. Біздің жылқы да сол тоғайдың ішінде жататын. Ауыл адамдары жылқыларын түгендеуге барғанда, әкем мені де атымды ерттеп беріп, сол кісілерге қосып жіберетін. Ол кезде кішкентаймын, ат жалын жаңа тартып мініп жүрген кезім. Бір күні жылқышылармен еріп, жылқыны көріп қайтып келе жатқанда бір сұмдықтың куәгері болдым. Мен айтсам сенбейтін шығарсыздар: естіген құлаққа өтірік болар, бірақ көрген көзге – шындық. 
Ақпан айының бас кезеңі еді. Жер бетінде аппақ қардан басқа дәнеңе жоқ. Бір тышқан жорғалап өтсе, көрінердей. Сол ақ қардың бетінде алыстау жерде көзге шалынған ұзын- сонар қап-қара болып бірдеме жатыр. Бәріміз таң қалып 5-6 сағаттың алдында жоқ еді, бұл қайдан келген пәлекет деп жетіп барсақ, Құдай-ау, қар бетінде құжынаған қалың бақа кетіп барады. Алды 2 шақырымдай кетіп қалған. Ені 10 метрдей шамасы. Зорға шоршып, секіріп барады. Біз таң-тамаша болдық. Бұл бақалар қайдан шығып жатыр деп келсек, бір үлкен саздауыт иірім судан шығып жатыр екен (ақпанның аязында су бетіне қатқан қалың мұздан бақа қалай тесіп шығар деген ойға қаларсыз. Түсіндіре кетсем сол бақалар шығып жатқан суға мұз қатпайды. Өйткені иірім болып аққан қара суға мұз қатпай, бетінен буы шығып, буланып ағып жататын). Біз барғанда шұбырып шығып жатқан бақалар кеткенде де шығып жатты. Қанша уақытқа ұласқанын кім білсін...

Міне, ақпаның ақ боранына қарамай осы тілсіз хайуандардың үдере көшуіне не себеп болды деп ойлайсыз? Ол былай болған әңгіме:

Біз жаз-жайлауда сол шекараның бойында Қараөткел, Ақжар, Құнанарал деген жерде кәдімгі қазақ үй тігіп, бие байлап, мал бағып қазақтың көшпелі тұрмысымен күн кешетінбіз. Қазір де бар сол көшпелі мәдениет. Саздауыт, сулы жер болғандықтан ба, шұрқыраған бақа көп болатын.

Енді- енді есім кіріп есейген шақта, жазда сол біздің Құнанаралға бір жылдары ұйғырлар мен дүнгендер, қытайлар қаптап кетті. Қолдарында бір-бір қаптары бар, екі балағын түріп алып күндізден кешке дейін су кешіп саздан шықпайтын. Басында біз бұл не екенін түсінбейтін едік. Кейін келе түсіндік. Сөйтсек бұл сол сазды жердің бақасын теріп жүргендер екен.

Басында бірден-екіден келген ұйғыр мен дүнген, қытайлар, кейін келе қос тігіп жататын болды. Біз ойын балалары қызық көріп қастарына барып алатынбыз, көмектесіп бақа терісетін ек. 

Әлгі бақа терушілерге ауыл ақсақалдары ақырын да айтты, айғайлап та айтты. Бірақ олар кетпеді. Сонымен не керек, олар бақаны теріп алып келеді де, екі ағашқа жіпті керіп тастап, бақаның мұрынын инемен тесіп жіп өткізіп, керілген жіпке қатарынан жыпырлатып тізіп іліп қоятын. Шілденің ыстығында мұрыннан іліп қойған бақалар шөлден қаталап өледі де, өлген соң да оны ала салмайды. Күн астында жатып құрғағанша ұстайды. Әбден қурағанда алып, қапқа қаптайды да алып кетеді (бақаны күн астына қойып қанша құрғатса, қураған бақаның ақшасы да соншалық көп болады деседі). Сөйтсек, бақа терушілердің айтуынша, ол бақаларды қалаға апарып сатады екен. Одан түрлі-түсті дәрі-дәрмек жасайды-мыс.

Бұл жәйітті көрген ел-жұрт естерінен танып қала жаздады. Жағаларын ұстап таң қалысты. Ақша үшін арын да сатуға дайын обал-сауапқа қарамайтын қатігез екі аяқты хайуандарға «туф-туф бәле-жала сендермен кетсін, осы қауқарсыз қара бақалардың обалы сендерге келсін. Ақша көрсе Алланы ұмытып, байлық көрсе бақытын сататын қара жүректеріңе Алла қара мөрін басып, осы бақалар сияқты сендерді де мұрындарыңа шұлық тағып, тамұқтың отына жандырсын», – деп кепмір-шалдар қарғыс жаудырып, жерден бір уыс топырақ алып сол жаққа шашқаннан басқа шамалары келмеді. 

Міне, басына осындай зобалаң келгенде адам емес, тілсіз хайуан да сезіп, ақпанның ақырған аязына қарамай бір күнде ауып кетті. Бұл тілсіз бейшаралар алдындағы апаттың, кейін де жалғасарын білді. Ол да тілсіз жәндік болғанмен, сезіну, түсіну, өсу процестері бар ордалы жәндіктер, оларды жаратушы тілсіз қылып жаратса да түсігінен айырмаған ғой (бәлкім олар адам тілімен сөйлей алмаса да, бақа тілімен сөйлейтін шығар). Олар да апаттан аман қалу үшін, ұрпағын сақтап қалу үшін көшкен шығар. 

Осы жағдайды көрген соң тағы да бір құбылысқа қатты қайран қалдым. Өйткені біз отырған Құнанаралдың сазды, батбақты жерлерінен жаяу адам зорға өтетін. Сол бақалар ауып кеткеннен кейін үш жылдың ішінде жаяу адам зорға өтетін, сазды, батпақты жерден, ат мінген, мотоцикл мінген адамдар еркін өте шығатын болды. Оның сыры неде?
«Бақа сисе - көлге есеп» деген сөзді дана бабаларымыз бостан-босқа айтпаса керек.

Егер біздің бабаларымыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болған болса, кіндік қаны тамған, тамыры тереңге тартқан тарихи отанынан ауып босқындық күй кешпес еді. Заманының зобалаң зулымдықтары не көрсетпеді. Кеңес үкіметінің келісіп пішпеген келте саясатымен, аранын айқара ашқан ашаршылық. Қазақтың торғайдай тозып, тарыдай шашылуына басты себеп болды.

Бабаларымыз еш қашанда бас сауғалап босқан емес, тағы да бір ескеретін жәйт аранын айқара ашқан ашаршылықта ауған қазақ қай мемлекетке барса да шетелде қалған қазақтың байырғы мекеніне қоныстанды. Жә бұны тарихтың еншісіне қалдырайық. Міне, осындай өткен тарихтан өн бойында өнеге аларлық дәнеңе жоқ, тарихтан мақұрым азаматымыздың аузына келгенін айтуы өзінің тарихынан мақұрымдығын білдіреді. Бәлкім сол тарихты білсе бізді балағаттағанның орнына бауырына басып, қанатының астына алар ма еді. 

Ержан АҚҚОЯН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары