$ 498.34  519.72  4.85

Көзге көрінбейтін биологиялық қарулар туралы не білесіз?

Біраз жыл бұрын Ресей кеденшілері Еуропа елдерінің біріне беттеп бара жатқан ресейлік орыстардың «генетикалық тұқымын» шекарадан асырмай ұстап қалды.

 Бұл оқиғаның салдары – кәдімгідей халықаралық дәрежегі айтыс-тартыс тудырған. Неліктен? Өйткені, адам баласының ағзасындағы барлық құпия ақпарат ДНК молекулаларында сақталады. Оның төрт нуклеотивтен (аденин, тимин, гуанин және цитозин) құрылған шынжыр тәріздес кодтар тізбегінде адамның жеті атасынан бергі барлық мәліметтер жинақталады. Оның құрамында әлі белгісіз дүние қаншама. ДНК ғылымын терең меңгерген жағдайда адамдардың ойлау жүйесін де өзгертуге болады дейді генетиктер. Мысалы: «D4D4» деп аталатын гендік рецептор адамның оптимистік сапасын көрсетеді. Бұл АҚШ тұрғындарының 48 пайызына тән болса, орыс отарында болған Орта Азия халықтарында 2 пайыздан аспай жатыр. Колонизация өтіп кеткен қауымның гендік қуаты да әлсірейді екен.

Кезінде әлемді алақанында ойнатқан байырғы түркі мен моңғолдың ұрпағында кезіндегі гендік рецептор жоқ, жойылып кеткен. Бұл тұрмыс-салттың һәм өмір сүру дағдының өзгеруіне байланысты болу керек. Бұл тұрғыдан орыс ғалымы С.Минаев «тұтас этностың генетикалық қуаты өлмейді, бір түрден екінші түрге ауысады, тек ұрпақ алмасқан сайын белсенділігін жоғалтады» дейді. Неге жоғалтады? Қасиетті жазбалардың іліміне сүйенсек, жаратушының үкімінен бет бұрған береке бірлігі кеткен, алауыз қауымда гендік қуат болмайды екен.
Осындай қорғансыз қалған гендік нуклеотивке сырттан келген агрессивтік шабуылдар өтіп кете береді. Мұндай қасіретке ұшыраған қауымның белгісі өзінің байырғы гендік болмысынан жеріне бастайды.
Гендік қорды зерттейтін «Human Genome Diversity» программасы нақтылағандай, қазір гендік тұқым арқылы «биологиялық қару» жасап шығару қолға алынып жатыр. Ресей кеденшілері осыдан сақтанған.
Сонымен ХХІ ғасырда адам геномының құпия сыры ашылды. Геном дегеніміз – хромосомалық тұқым қуалау факторларының жиынтығы. Былайша айтқанда, «геном» адам ағзасының күрделi биологиялық ерекшелігін анықтайтын 100 мыңға жуық гендік клеткалардың жиынтығы. Әртүрлi ұлттар бiр-бiрiнен бет бейнесi, тiлi, түрі арқылы ғана емес гендік тұрғыдан да үлкен айырмашылықта болады. Қазір әртүрлi этнос өкiлдерiнiң гендiк айырмашылығын ресми түрде бекiтіп жатыр.
Кез келген этностың қандай бiр химиялық препаратқа реакциясы гендік ерекшелігіне қатысты, – дейді ғалымдар. Лабораториялық зерттеу барысында моңғолоид тұқымдастарда алкогольды ыдыратушы фермент-алкогольдегидрогенездің болмайтындығы анықталды. Сондықтан да iшiмдiкке салынған моңғолоидтар ферменттiң жетiспеу-шiлiгiнен моральдық күйзелiске өте тез ұшырайды. Мысалы, еуропалықтар Америка құрлығын отарлау кезінде жергiлiктi үндiстердiң күрескерлігін арақтың күшiмен тас-талқан етті. Бертіндегі Кеңестік отарлау саясаты да спирттiк iшiмдiктердi тиiмдi пайдаланды. Бүтін халықтарды мәңгүрттендіріп жіберді.
Моңғолоид және негроидтармен салыстырғанда ақ нәсiлдi адамдардың генінде CCR5 рецепторының зақымдануы, АИТВ (ВИЧ) инфекциясының клиникалық симптомдарының белең алуы баяу жүретіні анықталды. Сондай-ақ қытай тектес халықтарда көп кездесетін «12SpPHK» генiнiң мутациясы антибиотиктердiң кейбiр түрлерiн қолданған кезде «керең», «саңырау» ауруына ұшырататыны белгілі болды. Ал, «CYP2C19» генiнiң мутациясы басым жапондықтар үшін кәдiмгi «құрысқақ» дертiне қарсы препараттарды қолдану қауiптi екен. Өйткенi, бұл препараттар оларды сомнамбуликалық (ұйқысырау) күйге түсiретiн көрiнедi. Еуропалықтар үшін үйреншiктi тамифлю препараты жапондықтар үшін «өлім дәрісі».
Құпиясы ашылған гендік жиынтық адамзаттың пайдасына емес сорына айналатын түрі бар. Осыны пайдаланып «этностық қару» жасау мүмкiндiгi туды. Бұл ядролық қару секiлдi кім көрінгенді жойып жібермейді, тек «көзін құртуға тиіс» этносты таңдап өлтiретiн «ақылды қару». Қазір осындай гендiк қару-жарақты жасау жұмыстары жасырын түрде жүріп жатқаны жайлы ақпарат осыдан бес-алты жылдың алдында тарады. Әрине, ғылымның ең жаңа салалары – биотехнология мен нанотехнологияны меңгерген ғалымдар үшiн бактериялар мен вирустарды модификациялаудан немесе этностың гендерiн талқандайтын химиялық препараттарды жасаудан оңай ештеңе жоқ көрінеді. Бар-жоғы патогендiк (ауру туындатушы) агент «қажеттi гендi» iстен шығарса жетіп жатыр.
Сонымен «гендік қару» өзiнiң профилiне сәйкес келген этнос өкiлдерiн таңдап өлтiредi де, сәйкес келмегендердi тiрi қалдырады. Мiне, әлеуеттi агрессорлар үшiн гендiк қарудың құдiреттiлiгi мен тиiмдiлiгi осында жатыр. Бактериологиялық қару өзгелермен бірге агрессорлардың өздерiн де өлтiруге тиіс болса, гендiк қару өзгелердi өлтiредi де агрессорлардың өздерiн «мүсіркеп» тiрi қалдырады. Бұл қарудың құндылығы осында.
Генетикалық соғыс бiлiнбей, ың-шыңсыз басталады. Қандай бiр патогендiк агент қарсылас елдiң аумағына жасырын түрде жеткiзiлуi керек. Мысалы, iшiне генетикалы модификацияланған бактериялар енгiзiлген көкөнiстер мен жемiстер арқылы әкелуге болады. Көкөнiстi немесе жемiстi жеген адамның ағзасына енген патоген ДНК-ның құрылымын бұзып, өмiрге қажеттi амин қышқылдарының бөлінуін бөгейдi. Басқаша айтқанда, гендiк қару адам организмiнiң өзiн-өзi жою механизмiн iске қосады. Генетикалық соғыс басталған жағдайда оны тоқтату қиын.
Гендiк қарудың басқа қарулардан тағы бiр ерекшелігі – ол адамның түйсiну мүшелері арқылы сезiлмейдi, көзге көрiнбейдi, қолға ұсталмайды, құлаққа естiлмейдi, онда иiс те, түс те, пiшiн де, салмақ та жоқ. Ең бастысы – ол адамды өлтіргеннен басқа ешнәрсені бүлдiрмейдi. Сондықтан гендiк қаруды жасырын жағдайда жасау да, сақтау да, қолдану да қолайлы.
Гендiк инженерияның қарқынды дамуы мен гендiк терапияның таңқаларлық жетiстiктерi «биологиялық терроризмді» жақындата түсуде дейді әлем ақпараты. Биотерроризм – әртүрлi iндет, дерттердi өршiтетiн бактериялар мен вирустар ғана емес, ол – гендiк деңгейдегi проблема.
Қазiр гендiк мамандар – тiрi жасушалардың iшiне өздiгiнен кiріп, белоктардың күшiн әлсіретіп, тiрi жасушаларды жансыздандыруға қабiлеттi екi тiзбектi РНК-ны зерттеу үстiнде. Бұл зерттеулердiң нәтижелi болатынына ешкiм күмәнданбайды. Осылай көзге көрiнбес этностық қарудың түр-түрінің жасалуы күн сайын шындыққа жақындап келеді.
Сарапшылардың пайымдауынша, қандай бiр этносты жақын болашақта жою үшiн сол этностың кез-келген өкiлiнiң – қаны, сiлекейi, терiсi мен денесінің бөлшектерi сияқты кез келген биоматериалдарының қай-қайсысын пайдалануға болады. Өйткенi, гендердiң толық жиынтығы, яғни кез келген этностың жаратылыс ерекшелiктерi мен оның қандай ауруларға бейiмдiлiгi туралы толық ақпарат сол адам ағзасының кез келген жасушасында болады. Әуелi, биоматериал этностан алынады. Олжаланған биоматериал құпия лабораторияларда зерттеулерден өтiп, сол этностың геномы анықталады. Осы геном бойынша қару жасалады. Содан соң әлеуеттi террористердiң көздеген түпкi мақсаттары бойынша жойылуға тиiстi этносқа қарсы «гендiк қару» пайда болады. Мысалы, жыныстық гендерге ғана әсер ету арқылы бүкiл бүтiн бiр халықты бедеулiкке ұрындыруға болады екен. Әрине, мұндай биотерроризм қандай бiр елде демографиялық дағдарыс туғызу мақсатында iске асырылуы мүмкiн.
Жалпы, қазірдің өзiнде су және азық-түлiк өнiмдерi арқылы біздің ағзамызға әртүрлі заттар табиғи түрде толассыз енiп жатыр. Бiрақ генетикалы модификацияланған өнiмдердiң (ГМӨ) адам ағзасына тигiзер әсерi қандай болатынын әзірше ешкiм бiлмейдi. Және де осы заманғы гендiк терапия аясындағы ғылыми жетiстiктердi жасырын пайдаланып, биоқаруға айналдыру мүмкіндігі бар екенін ресейлік ақпарат көздері соңғы кездері жиі айта бастады. Бiз ол жағынан әлі бейхабармыз.

 

Төкен ӨМІРЗАҚ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Келесі жаңалық
Отан айырбастау