$ 447.4  477.55  4.76

Алматының Қоғамдық кеңесі латынға көшу жұмыстарын заңмен бекітуді ұсынды

Бүгін Алматыдағы «Тұран» университетінде Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты жиынын өткізді. Нақтысын айтқанда, Кеңес мүшелері жаңа реформа аясында атқарылатын жұмыстарға дайындықтарын пысықтап алды.

Еске салайық, қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы жарлыққа Мемлекет басшысы кешегі аптада – 27 қазан күні қол қойған болатын. Мұнан кейін Президент ел үкіметіне латын әліпбиін кезең-кезеңмен енгізу үшін ұлттық комиссия құруды тапсырды.

Жаңа әліпби 32 әріптен тұрады. Олардың тоғызы апострофпен жазылады. «Тұран» университетінің ректоры, қалалық мәслихат депутаты, Қоғамдық кеңестік төрағасы Рахман Алшановтың айтуынша, жаңа әліпби енгізу арқылы қазақ жастарының жаңа технологиялар мен ғылымға қолжетімділігі артады.

Жиын барысында белгілі болғаны, қазірдің өзінде аймақтарда мекеме атаулары латын әріптерімен жазыла бастаған. Бұл бастаманы алғаш болып «Қазақстан» телеарнасы бастаған болатын.

Айта кетейік, жаңа әліпбиге бейімделу үшін екі жыл уақыт бар. Осы екі жыл ішінде филологтар мен лингвистер қазақ тілінің жаңа ережелерін әзірлеуі тиіс. Алайда, асығудың қажеті жоқ дейді Қоғамдық кеңес мүшелері. Өйткені, аса маңзды реформаны барынша талдап, саралау керек.

«Реформаның пайдалы тұсы – біздің жаңа әліпбиді үйренуімізге 2 жыл уақыт бар. Яғни, қысым болмайды. Бұл уақыт аралығында фонетикалық, орфоэпиялық, орфографиялық ережелердің барлығы әзірленетін болады», - деді Қоғамдық кеңестің төрағасы.

Мамандар сондай-ақ, қазақ жастарының белсенді екенін де атап өтті. Қазіргі таңда ел тұрғындарының 25 пайызын жастар құрайды. Олар латын графикасында жазуды әлдеқашан бұрын меңгеріп алған.

«26 жылда біздің елде бүтін бір ұрпақ өсіп, қалыптасты. Олар еуропалық стандарттарға ұмтылып келеді. Қазіргі жастар ең алдымен ағылшын тілін меңгеруді жөн санайды. Сондықтан, латынға көшу біздің елде проблема туғыза қоймайтынына сенімдімін», - дейді «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев.

Ал, танымал сарапшы Айдос Сарым болса латынға өту жұмыстарын заң тұрғысында бекітіп алу керек.

«Менің ойымша, барлық іс-әрекеттерімізді заң аясында бекітіп алуымыз керек. бұл әрине, бір күннің жұмысы емес. Тағы бір мәселе, түріктер латынға көшкен кезде француз тілін негіз қылды. Біз де осы жағын анықтап алуымыз керек, қай елдің әліпбиін негізге аламыз? Қазір біздің лингивист, филолог мамандар жұмысқа кірісуге дайын», - дейді ол.

«Жастар үні» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дәурен Бабамұратовтың айтуынша, Президент жарлығы шыққаннан кейін енді кері шегінуге болмайды. Ал, қоғамдағы теріс пікірлердің пайда болуы заңдылық.

«Кері шегінбеу үшін біз үнемі алға қарай жылжып отыруымыз керек. егер бүгін латынға көшпесек енді ешқашан көше алмаймыз. Уақыты келді, енді кертартпалыққа салынуға болмайды», - дейді ол.

Жиын соңында Кеңес мүшелері айтылған ұсыныстарды жинақтап, Астанадағы Ұлттық комиссияға жолдайтындарын мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары