$ 444.32  473.33  4.76

Таразда Елбасы мақаласын жүзеге асыруға арналған жиын өтті

Мемлекет басшысының биыл сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы Қазақстанды жаңа тарихи кезеңге шығаруға бағытталған. Еліміздің зиялылары, ғалымдары аталған еңбекке осындай баға беріп отыр. Тек Үкімет пен қоғам сол мақалада көрсетілген тапсырмаларды бірлесе орындауы тиіс. Осы мақсатта бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, халық тапсырманы орындамастан бұрын оның мән-мағынасын ұғынып алуы тиіс.

Осындай кездесулердің бірі Жамбыл облысының орталығында өтті. Тараздағы №41 мектепке келген зиялылар мен педагогтар мұғалімдер мен ата-аналарға, сондай-ақ, жоғары сынып оқушыларына Мемлекет басшысының мақаласын жік-жікке талдап, оның маңыздылығын түсіндіріп берді.

Қазан айының 16-сы мен 28 аралығында арнайы құрылған дәрістік топ мүшелерінің Тараз қаласындағы 11 аумақтық округ тұрғындарымен кездесу жоспарланып отыр. Елбасының мақаласында көрсетілген тапсырмаларға сәйкес, бағдарламаны іске асыру мақсатында қалалық жобалық офис құрылды. Мұнда «Тәрбие және білім», «Рухани қазына» және «Атамекен» сынды кіші бағдарламалар бойынша өңірлік реестрге 14 жоба енгізілді. Бұлардың алтауы нақты кезеңде іске асырылып жатса, қалған 8 жоба 2018 жылдан бастап қолға алынбақшы.

«Елбасының бағдарламалық мақаласы бойынша мен өңірдегі барлық аудандарды аралап шықтым. Барлығында лекция оқып, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік, оны жүзеге асыру жолдарын талқыладық. Бұл кезең біздің еліміз үшін маңызы зор. Сондықтан, мұны халыққа терең түсіндіруге тырыстық. Байқағаным, жамбылдық жұрт та ұлт көшбасшысының жаңашылдығын қолдайды», - дейді жазушы-драматург Елен Әлімжан.

Кездесуде сондай-ақ, «100 жаңа есім» жобасы жайында да сөз қозғалды. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан сан-салада еңбек еткен азаматтардың нақты тарихы арқылы табыстылық, бәсекеге қабылеттілік пен прагматизм идеясын насихаттау – осы жобаның мақсаты. Тараз қаласынан жобаға 29 үміткер ұсынылып, олардың ішінен 10-ы республикалық жобаға лайық деп танылды.

«Мобильдік топ құрамында біз бүгін №44 мектепте болдық. Мұнда осы Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында біздің аймақта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырдық. Мәселен, мен қазақ графикасының латын әліпбиіне көшу мәселесі жайында айттым. Бұл бағытта бізде біраз жұмыстар атқарылуда», - дейді Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы Бақтияр Бекназаров.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын кеңінен насихаттау бойынша іс-шаралар өңірде бекітілген кестеге сай әлі де жалғасады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары