Алматының жыл сайынғы проблемаларының бірі – тасқын су. Толассыз жауын жауған кезде қала көшелері мен жер үйлердің біразын су шайып кетеді. Ал, жергілікті билік өкілдері енді биылғы көктемде жағдайдың мүлдем басқа болатынын айтып отыр. Яғни, тұрғындар бұдан былай тасқын судан зардап шекпейді дейді Наурызбай мен Алатау және Жетісу аудандарының әкімдік өкілдері.
Жалпы, қала басшылығы биыл су тасқынынан қорғану үшін бірқатар жобаларды жүзеге асырыпты. Солардың қатарында арықтар салу, ескі арықтарды кеңейту, биік беткейлерді таспен қаптау секілді жұмыстар бар.
Мәселен, Кіші Алматы өзенінің маңында тұратын тұрғындарға енді алаңдамаса болады. Жыл сайын мұндағы халық жауын жауғанда жандарын шүберекке түйіп отыратын. Өйткені, қырдағы балшық лайланып, көшкін тудыратын қауіп басым. Енді қала билігі қазынадан қаражат бөліп, биік беткейлерді темір торлармен қаптатты. Қорғаныс қабырғаларының ұзынды 345 метр, ал биіктиі 9 метрге жуықтайды. Құрылысшылар тастан жасалған қоршау 50 жылға дейін шыдас береді.
«Бұл қабырға салынбай тұрғанда беткейден лай көшетін. Салдарынан, етектегі жұртқа қауіп төнген. Енді тас қоршаулардың арқасында ондай қауіп болмайды. Олар лайланған балшықты мықтап ұстап тұрады. Таулы аймақтарда тұратындарды габионды құрылғы жақсы қорғайды. Атқарылған жұмыстың сапасына жауаптымыз», - дейді мердігер компанияның директоры Азамат Мыңуарбеков.
Ал, пайда болғанына көп болмаған Наурызбай ауданында жаңа арықтар салынды. Төселген суағардың ұзындығы 4 шақырымнан асады. Осының арқасында, төңіректегі тұрғындар нөсер құйғанда шалшық кешпейтін болды.
«Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында арық жүйелерінің құрылысына биыл жыл басында қаражат бөлінген болатын, 131 млн 500 мың теңге көлемінде. Қазіргі уақытта біздің аудан бойынша 4 көшеге арық салынып, тротуар төселді. Наурызбай ауданының аумағында сонымен қатар, бірнеше жолға күрделі жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалқамын ықшамауданында 33 көшеде. Оның ішінде 12 көшеде жолмен қатар арық жүйелерін салу жүргізіліп жатыр», - дейді Наурызбай ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Данияр Садықов.
Биыл Алматыда арықтардың дені Алатау ауданында салынып жатыр. Мәселен, «Алғабас» ықшамауданында Момышұлы, Соқпақбаев, Қалдаяқов мен Мәметова сынды көшелерде суағарлар желісі мен құрғату жүйесі салынды. Арықтың ұзындығы - 7 шақырым. Сондай-ақ, жылда қызыл судың астында қалатын «Теплоэнергетик» пен «Энергостроитель» саябақтары да назардан тыс қалмады.
«Осы екі саяжай ортасынан өтетін бізде Қарғалы өзені бар. Қарғалы өзенінің арнасының тасуынан сол жердегі үйлерді су алу жиі орын алатын. Биылғы жылы сол жұмыстарды атқару барысында Қарғалы өзенінің арнасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 4790 метр аумақта жұмыс істеліп жатыр. Оның 3200 метрі арнасын бекіту бетондау жұмыстары және 1338 метрі механикалық тазалау жұмыстары», - деді Алатау ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Төребек Байымбетов.
Алматылықтарды сел мен су тасқынынан қорғау үшін атқарылып жатқан жұмыстарды қала әкімі Бауыржан Байбек өзі тексерді. Жұмысты уақытылы бітіріп, мердігер мекемелерге жобаның сапалы атқарылуына аса мән беру керек екендігін қадап айтты. Жалпы биылға жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі уақытынан бұрын аяқталуда.