Алматылықтар пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын онлайн түрде бақылай алады. Келесі жылы электронды ПИК порталы іске қосылмақ. Пилоттық жобаға қаладағы барлық кооператив қатысады. Тұрғындар жиналатын қаржының қайда жұмсалғанын сайттан көре алады. Тіпті өтініштер де электронды форматта қабылданады. Осылайша бұл жүйе барынша ашық болмақ.
Алматыда жүзеге асырылатын электронды ПИК жобасына қазір 9 кооператив кірген. Соның бірі «Кәусар-Өмір» тұтынушы кооперативі. Оны Сәлима Бекеева 5 жылдан бері басқарып келеді. Мұндағы күрмеулі мәселені белсенді көршілерінен артық ешкім түсінбейді деп шешкен. Бүгінде кооператив құрамында 109 пәтер бар екен. Тұрғын үйдің саны көп болғандықтан, сәйкесінше, жұмыста жетіп артылады дейді төрайымы. Әкімдік тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясына электронды түрде өткізеді.
«КСК кворумға біз қазіргі уақытта тоқсан сайын, 3 ай сайын есеп жібереміз. Тұрғын үй инспекциясына, әкімдікке 3 ай сайын жиналған ақшамыздың құжаттарын қайда жібердік. Қандай жұмыстар істедік, соның бәрі есепте көрінетін болады», - дейді «Кәусар-Өмір» тұтынушы кооперативінің төрайымы, Сәлима Бекеева.
Алдағы уақытта тұрғындарға да есепті электронды форматта өткізу құптарлық жайт екендігін алға тартуда. Дегенмен, ол барлығына қолайлы болмауы мүмкін. Мәселен, мұнда тұратын азаматтардың 70 пайызын егде жастағылар құрайды. Олардың барлығы интернетті қолдануды біле бермейді. Сол себептен қағаз түрінде есеп өткізуден бірден бас тарту қиынға соғады.
Порталды іске қосу жүйені ашық жүргізуге көмектеседі. Себебі, дәл осы қызмет түріне көңілі толмайтын тұрғындар көп. Пилоттық жоба жұмысы келесі жылдан басталмақ. Оның құрылуына Алматы қаласы әкімдігі мұрындық болып отыр. Порталға қаладағы 824 ПИК енгізіледі.
«Порталда ПИК жұмысының барлық есебі көрсетіледі. Шығын көлемін де сайттан табуға болады. Тіпті жиналысты да онлайн өткізуге мүмкіндік бар. Оның қорытындысына сай электронды өтініштер жасалады. Бұл әсіресе жиналыстарға қатысуға мүмкіндігі болмайтын тұрғындар үшін қолайлы. Тіпті басқа қалада немесе мемлекетте жүріп те, кооператив жұмысын бақылап отыруға мүмкіндігіңіз болады», - дейді «Электронды ПИК» жобасының менеджері, Ләйлә Есболова.
Атап өтерлігі, мұндай жоба Астанада жұмыс істейді. Алматыда ол елордадағы порталдың тәжірибесін негізге ала отырып іске қосылады.
Еске салайық, елімізде «Цифрлы Қазақстан-2020» мемлекеттің бағдарламасы іске қосылған болатын. Бұл жоба ақпараттық технологияларды дамыту арқылы, халыққа қызмет көрсету түрлерінің барлығын электронды жүйеге көшіруде мақсат еткен. Жоба аясында бүгінде E-gov порталы жұмыс істеп, тұрғындардың өмірін айтарлықтай жеңілдетті. Яғни, «Цифрлы Қазақстан-2020» бағдарламасы ең алдымен бюрократияны жойса, екіншіден сыбайлас жемқорлықтың етек жаюына жол бермейді. Адамдар өзіне қажетті қызметті кеңсеге барып, мемқызметкермен бітірмей, үйінде отырып интернет арқылы-ақ жүзеге асыра бермек. E-gov порталы порталы осының айғағы. Сол секілді электронды ПИК жобасы да тұрғындардың ПИК-ке тапсырған ақшасының мақсатты жұмсалуын интернет арқылы қадағалап отыруына жағдай туғызады.