$ 498.34  519.72  4.85

Ақтөбеде әйелін сабап ұрып тастаған азамат дағдарыс орталығына демеушілік жасап жүр

Ақтөбеде тұрмыстық зорлық көрген әйелдерге арналған орталықта әртүрлі қиындық көрген 19 әйел тұрып жатыр. Олардың дені ауылдан келген көпбалалы аналар, деп жазады Aktobenews.kz.

«Дағдарыс орталығы 2017 жылдың тамыз айында ашылды. Негізгі мақсатымыз – жолдастарынан зәбір көрген, күйеулері сабаған немесе отағасы ішімдікке салынған әйелдерді қамқорлыққа алу. Ол жерде барлық жағдай жасалған. Тамағы мен жатын орны тегін. Әйелдердің көпшілігі ішкі істер басқармасы және жұмыспен қамту орталығы берген жолдамамен келеді. Келіншектерді сол жолдама арқылы қабылдаймыз. Бізде жатқандардың көпшілігі 4-5 баласы бар әйелдер, дені ауылдан келген», — дейді «Малика» дағдарыс орталығының директоры Гүлбадан Даут.

Орталықтан көмек сұрап келген адам 72 сағат құжатсыз тұра алады. Ол адамның мұқтаждығы анықталғаннан кейін алты айға келісімшарт құжаты жасалады.

«Дағдарыс орталығында тұрмыстық зәбір көрген әйелдерге балаларымен бірге алты айға дейін тұруға жағдай жасалған. Әр әйелге балаларымен тұруға бір-бір бөлмеден берілген. Келіншектердің өздері де бір үйдің әйелі болған адамдар. Тамақтарын өздері пісіріп, үйін жинап отырады. Алты айға келісім жасалған кезде әйелдерге орталықтың уақытша екенін түсіндіреміз. Жинақталып, алға қарай ұмтылып, өздіктерінен өмір сүруге бейімделу керектігін айтып отырамыз. Себебі, біз оларды өмір бойына қамтамасыз ете алмаймыз. Қазіргі кезде орталықты паналап отырған келіншектердің барлығы жұмыспен қамтамасыз етілген. Дағдарысқа түскенге дейінгі жұмыстарын жоғалтпай сол жерде жасап жүр», — дейді Гүлбадан Даут.

Орталықтан көмек сұрап келгенімен, кейін жолдасымен татуласып кететіндер де жоқ емес.

«Бізге қыркүйек айында бір келіншек келді. Жолдасымен төрт жыл тұрған. Сол кезде жолдасы қол көтеріп сабап, қорлық көрсеткен екен. Әйел біздегі дағдарыс орталығына келіп тұрды. Бірақ, ол бізде көп тұрған жоқ. Бір айға жеткізбей алып кетті. Келіншектің қайын апалары хабарласып «Олардың отбасы болып кеткенін қалаймыз» деп қамқорлықтарына алатынын айтты. Жолдасы ұрғанда көзі көгеріп келді. Балаларын ертіп келгені әлі есімде. Сол кезде кішкентай баласы жас жарымда болатын. Бірақ, жолдасы көпке ұзатқан жоқ, бір айдың ішінде өзі келіп кешірім сұрап, алып кетті. Бізде осындай бізде екі әйел болды. Орталыққа келіп, кейін жолдасымен қосылып кетті. Қазіргі кезде бізге олар демеушілік көмек көрсетіп отыр десек болады. Балалардың қажетті заттарын, киімдерін әкеліп береді», — дейді Гүлбадан Даут.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары