$ 444.22  476.38  4.82

«Нұр Отанның» қоғамдық қабылдауында МӘМС-тің артықшылықтары түсіндірілді

Елімізде биылдан бастап бірнеше маңызды реформа жүзеге аса бастағаны белгілі. Олар негізінен экономика, медицина, білім және ғылым салаларына қатысты. Барлығының да мақсаты айқын – қазақстандықтардың әлеуетін арттырып, елімізді әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу.

Сол маңызды реформалардың бірі денсаулық сақтау саласында жүзеге аса бастады. Атап айтқанда, биылдан бастап елімізде Міндетті әлеуметтік медициниалық сақтандыру өз күшіне енді. Соңғы екі жыл бойы билік пен қоғамда қызу талқыланған реформаны енді сәтті жүзеге асыру ғана қалып тұр. Ол үшін ең алдымен оның маңыздылығын халық арасында тағы да түсіндіру қажет. Өйткені, мол қаражат айналатын жүйенің іске асу тетіктерін халық жіті біліп, бақылауында ұстауы тиіс.

Сондықтан былтыр бастау алған түсіндіру жұмыстары биыл да жалғасып жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде ақпараттық насихат тобының өкілдері халықпен кездесіп, МӘМС-тің артықшылықтары мен тұрғындарға тигізер пайдасы туралы баяндап жүр.

Осындай жоспарлы кездесулердің бірі бүгін Алматыда өтті. «Нұр Отан» партиясы Әуезов аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарға «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін» түсіндіру мақсатында тұрғындарды қабылдау болды. 

№ 10 қалалық емхананың диагностикалық көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Галия Ситматова бастаған топ, азаматтарды қабылдауға дайын болды. Сақтандыру жүйесі мен оның артықшылықтарын, атқарылу желісін түсіндірген көрнекіліктер, жадынамалар да таратылды. Қабылдауда жұмыссыз азаматтар, емханаға жаңадан тіркелгендерге байланысты сұрақтары болды. 

Әрқайсына сақтандыру құралдары мен мүмкіндіктері жайлы түсінік берген Галия Ситматова сол жерде үйінде аурулы, мүгедек жандары бар азаматтарды танып, жағдайларын да сұрап жатты. Дүниежүзі тәжірибесінде өзінің оңды нәтижесімен көрінген медициналық сақтандыру жүйесінің елімізде енгізілгені денсаулық сақтау саласының қызметін жақсартуға, оны тұтынушы - халықтың денсаулығын мықтап, сапалы ем алуына қол жеткізері сөзсіз.

Еске салайық, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді Елбасының өзі үкіметке тапсырған болатын. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамында осы реформаны 2017 жылдан бастап жүзеге асыру қажеттігі көрсетілген.

Медициналық сақтандыру —  денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі, медициналық көмек қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады. Негізінде медициналық сақтандырудың екі түрі бар. Олар — міндетті медициналық сақтандыру және ерікті медициналық сақтандыру. Міндетті медициналық сақтандыру медициналық жәрдемнің сапасын бақылауды қарастырады, оның мақсаты — міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасымен және медициналық жәрдемнің қолданыстағы стандарттарымен кепілденілген көлемде, сапада және шарттарда медициналық жәрдем алуға азаматтардың (сақтандырылған) құқықтарын қамтамасыз ету. Ал ерікті сақтандыру адамның қалауы бойынша ғана жүзеге асырылады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы жиналған қаражат азаматтардың тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады. Яғни, бұрын мемлекет есебінен жүзеге асырылған тегін медициналық қызмет түрлері аталған сақтандыру жүйесі арқылы орындалмақ. Зейнеткерлерге, еңбек жасына толмаған азаматтаға, мүмкіндігі шектелген азаматтарға қызмет тегін көрсетіледі. Міндетті медициналық сақтандыру кез келген тұрғынды медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Оның басты маңыздылығы да сонда. Медициналық сақтандыру ең алдымен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған аурухана мен емханадағы дәрігеріне барып, емделуге мүміндік алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы дәрігерлерге сол қордан төленеді. Ал медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатын болғандықтан, енді емдеу мекемелері арасында бәсекелестіктің басталатыны сөзсіз. Өз кезегінде бәсекелестік медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырады. Көбірек пайда табуға тырысқан медицина қызметкерлерінің емделушілерге барынша сапалы қызмет көрсету көрсеткіші жоғарылайды. Өйткені емделушілер қай дәрігерге баратынын өзі шешеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары