Таразда №6 мекептің 4 сыныбында оқитын Никита Никитюк осыдан бірнеше күн бұрын жоғалып кеткен болатын. Енді оның мәйіті табылды. Полицейлер оны желіп иіскеп тұншығып қайтыс болған деген болжамдарын айтса, ата-анасы баланың алдымен зорланғанын, артынша тұншықтырып өлтірілгенін мәлімдеуде.
Бұл жағдай тараздықтардың төбе шашын тік тұрғызды. Өткен сенбі күні кешке үйінен шығып кеткен 10 жастағы бала сол күйі қайта оралмаған. Туыстары мен мектеп ұжымы оны жатпай-тұрмай іздегенімен нәтиже болмаған.
Баланың өліміне қатысы бар деген күдікпен 7-сыныптың 14 жастағы оқушысы ұсталыпты. Оны Никитаның жанында жүргенін көргендер бар. Жеткіншектің жүйке жүйесінде ауытқу бар екені де анықталып отыр. Сондықтан ол арнайы коррекциялық сыныпта оқыған. Қазір күдікті оқудан босатылып, үйінде жатыр. Ал тәртіп сақшылары 10 жастағы бала желімнің иісінен бақилық болған дейді.
Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД-нің баспасөз хатшысы:
-Тергеу жұмыстары нәтижесінде жәбірленушінің сол күні 14 жастағы жасөспіріммен бірге желім иіскегендігі анықталды. Өлім себептерін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптамасы тағайындалып, тергеу амалдары жалғастырылуда. Қазір күдікті ата-анасының қарауына беру туралы бұлттартпау шарасы қолданылды.
Егер бұл жасөспірімнің қылмысы дәлелденсе, 10 жылдан 15 жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін. Ал қайғылы оқиғадан кейін қала мектептерінде тәртіп күшейтілді. Бұдан былай ата-аналар ұл-қыздарын өздері әкеліп, өздері әкетулері тиіс.