Бүгін Алматыдағы Достық үйінде «Қоғамдық сананы жаңғырту: аймақтық контекст» тақырыбында үш күндік өңірлік семинар-тренинг өтті. Бұл туралы Қазақстан халқы ассамблеясы Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Семинар-тренингті Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында, сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV Сессиясы жұмысы қорытындысы бойынша белгіленген міндеттер мен қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру технологиялары бойынша мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білімі мен біліктілік деңгейін арттыру шеңберінде ұйымдастырып отыр.
Тыңдаушылар ретінде Алматы облысы және Алматы қаласының этносаралық және конфессияаралық қатынастар, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат мәселелерімен айналысатын мемлекеттік қызметшілері, дін істері, тілдерді дамыту басқармаларының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, барлық деңгейдегі мәслихат аппаратының мамандары қатысты.
Өңірлік семинар-тренинг жұмысы барысында мынадай мәселелер ашылып көрсетілді: «Қоғамдық сананы жаңғырту: конструктивті идеялар мен оларды шынайы өмірде жүзеге асыру жолдары», «Қоғамдық сананы трансформациялау доминантасы», Латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпби: мәселелер мен болашағы», «Идеологиялық ықпалдың заманауи әдістері», «Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы жобалық менеджмент».
Лекторлар ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының қызметкерлері, отандық ғалымдар, Ғылыми-сарапшылық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, кәсіпкер-инвесторлар шақырылды.
Семинар барысында тыңдаушылар «Қоғамдық сананы жаңғырту және қазіргі заман» тақырыбында өтетін пікір-сайыс алаңында өз ойларымен бөлісті.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық-мақаласы биыл сәуір айында БАҚ беттерінде жарияланған болатын. Елбасының бұған дейінгі бағдарламалары мен Жолдаулары мемлекеттің экономикасын тіктеуге бағытталса, бұл жоба қоғамдық сананы жаңғыртуға негізделген.