Бүгіннен бастап 2017 жылғы үлгідегі дизайны өзгертілген номиналдық құны 500 теңгелік банкноттар айналымға шығарылады, деп жазады sputniknews.kz ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сітеме жасап.
Банкноттың дизайны айналымдағы «Қазақ Елі» сериясының ақша белгілерімен бірыңғай стильде – бет жағында негізінен тік бейнелер, ал сырт жағында көлденең түрінде бейнелер орналасқан.
"Басым түсі – көгілдір-көк. Банкноттың өлшемі – 130х62 мм. Жаңа банкноттардың дизайнын әзірлеудің және дайындаудың аса ұзақ процесс екендігін атап өтеміз. Осыған байланысты 2017 жылғы үлгідегі номиналдық құны 500 (бес жүз) теңгелік банкноттардағы мемлекеттік тілдегі жазулар банкноттың дизайнын әзірлеу сәтінде қолданыстағы кириллицаға негізделген әліпбиге сәйкес орындалған. Ұлттық валюта – теңге банкноттары мен монеталарындағы жазуларды өзгерту жұмысын Ұлттық Банк "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығына сәйкес жүргізетін болады", — деп жазылған хабарламада.
Банкноттың бет жағы Негізгі бейнелер – банкноттың оң жағындағы "Қазақ Елi" монументі және ортасында төменгі бөлікте ұшып бара жатқан көгершіндер.
Жоғары бөлігінде ортасында және сол жағынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері: мемлекеттік елтаңба және мемлекеттік ту бейнеленген. Сол жақта төменде және жоғары жақта номиналдың цифрлық бейнеленуі, сол жақта ортасында номиналдың мемлекеттік тілдегі әріптік бейнеленуі орналасқан.
Жоғары сол жақ бұрышында "ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ" деген жазу, оның астында қолдан жасағаны үшін жауапкершілік туралы ескертетін "Банкноттарды қолдан жасау заңмен қудаланады" деген мемлекеттік тілдегі жазба орналасқан. Банкноттың сырт жағы Негізгі бейнесі – Каспий теңізі, оның артында – Қазақстан картасының бейнесі. Сол жағында төменде және оң жағында жоғарыда банкнот номиналының цифрлық бейнеленуі, ал төменде ортасында – орыс тіліндегі әріптік бейнеленуі орналасқан. "Подделка банкнот преследуется по закону" деген жазба банкноттың сол жақ бұрышында орналасқан.
2006 жылғы үлгідегі және 2017 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттардың қатар қолданылу кезеңі 2017 жылғы 22 қараша – 2020 жылғы 10 маусым болып белгіленді.