Өзіне Лола деген есім берген азамат 15 жасынан бастап әйелге айналуды армандапты. Ол қазір Астана қаласында тұрады деп жазады stan.kz порталы.
Туған-туыстары оның осы жүрісіне байланысты жиі ескерту жасап, ұрып, психологқа апарып бірнеше жыл тәрбиелеуге тырысқан екен. Бірақ Лола өз отбасынан қашып, еркіндікте қалауынша өмір сүру үшін алысқа кетіп қалған.
«Мен ата-анаммен, үш ағам бар солармен мүлде араласпаймын. Олар мені түсінбейді, түсінуге де тырыспайды.
Сондықтан қазір Астанадамын. Шын есімімді айтқым да келмейді. 15 жасымда алғаш рет ер адаммен жыныстық қатынасқа түстім. Содан бастап арманым – әйел болу.
Жақында Астана қаласында ота жасатып, толықтай әйелге айналамын. Менің ең үлкен арманым да сол. Дауысымды да өзгертемін. Осыдан кейін үйіме, ата-анама барып көремін. Мен бауырларымды сағындым. Егер олар мені тағы да қабылдамаса, қайтадан олардан алыс кетуге тура келеді», – дейді Лола.
Еуразия Бірінші арнасындағы «Пендемізғой» ток-шоуына қатысып отырған қонақтар осы мәселеге орай екі тарапқа бөлініп, айтысып кетті. Бірі Лоланы түсінуге тырысса, екіншісі оны жазалап, осылайша жаратылысына қарсы шығатындарды көбейтпеу керектігін алға тартты.
Студия қонағы Лоланың осындай халге түсуіне ата-анасын кінәлады.
«Пайғамбарымыз қызын ұзатқанда күйеу баласына айтқан бір кеңесі мен аманаты, ақылы, талабы десек те болады, соны айтты. Ол айтады «Сен әйеліңмен қатынасқа түскен кезде оның сіңлісі немесе әпкесі жайлы ойлаушы болма. Сол сәтте сен әйеліңнің емшектес әйел туысын ойлайтын болсаң, дүниеге келген бала еркек құмар болып туады» деген. Сондықтан Лоланың осындай санада туғанына ата-анасын кінәлаймын», – дейді Ерсейіт Әлім есімді азамат.
Ал психологтар болса, Лоланы қоғам жабайылықпен емес, осы қалпында қабылдағаны дұрыс деген пікірде. Себебі, ол ер адамның денесімен жаратылған санасы әйел адамы деген түсінік берді.
Лола студияға өте қысқа әрі биік тақа киіп келген. Студия қонағы Ерсейіт Әлім оның шашынан ұстап, күш көрсеткісі келген. Мұнан кейін кейін Лола ток-шоудың түсірілім алаңынан кетіп қалды.
Лола ешқандай да жоғары оқу орнында білім алмағанын жасырмай айтты. Ол Өскемендегі туыстарымен мектеп бітіргеннен кейін тірідей қоштасып кетіпті. Астанада ешқандай жерде жұмыс істемесе де жақсы өмір сүріп жатқан көрінеді. Себебі, ол бағасы 250 мың АҚШ доллары тұратын ота жасатуға дайындалып жүр. Әрі қазіргі күнкөрісі мен киім киісі, өзіне жасалатын күтімінің де шығыны аз еместігі көрініп тұр. Лоланың өзі табысын құпия қалдыруды сұрапты-мыс.
Ал бағдарлама жүргізушісі қаладағы көптеген трансгендер мен еркекшоралар жезөкшелікпен айналысатынын айтып өтті.