$ 444.32  473.33  4.76

«Үсеновшілдік» қырғыздарды да шулатып жатыр

Қоғамдық өмірімізге «үсеновшілдік» деген атаудың өз алдына жеке ұғым ретінде енуіне бір ғана байдың шектен шыққан бұзық баласы себепкер болып еді. Шөміштеп жинаған әке абыройын бір-ақ күнде шелекпен төге салатын түйсіксіздің туысқаны көрші Қырғыз елінен де табылып, бүкіл халықты ойбайлатып жатыр.

2009 жылы Қырғызстанның премьер-министрі болған, қырғыз елінің аса ірі бизнесмені, бүгінде қашқын болып қыр асып кеткен Данияр Үсеновтің ұлы Мұрат аспан мен жерді түгендеп болып, атап өтетін басқа орын таппағандай, туған күнін тұп-тура Опера және балет театрының сахнасында атап өткенін көрші елдің ақпарат құралдары жарыса хабарлаудан жалығар емес. Сахнада отырып жеген тамақтың дәмі бөлек болатын болуы керек, қонақ боп келген жас кәсіпкерлер, қалалық Кенеш депутаттарының біразы жеке кафе мен мейрамханалар иелене тұрып, талай тарланның табаны тиген мәдениеттің маңдайалды сахнасында шалқая отырып ауқаттанып, тісін шұқып шіренген жүзінен ешқандай ұят-аяттың табы сезілмейді. Қанына сіңген қалыпты нәрседей жайбарақат. Тіпті банкетке келгендердің жуан ортасында бүгінгі Премьер-министрдің кеңесшісі Арслан Кененбаев та болған деген ақпарат та болған еді, қырғыз Үкіметі теріске шығарып, оның ешқашан да Үкімет құрамында болмағанын айтып ақталуда. Осыған байланысты, бүгін 26 наурыз күні Қырғыз Республикасының Мәдениет министрі Премьер-министрдің атына А.Малдыбаев атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық Опера және балет театрының директоры Тимур Саламатов пен оның орынбасары Ишенбай Мәмбетовті қызметінен босату туралы хат жолдады. Қырғыз елінде дәл қазір дау-дамайдың өзегі болған бұл оқиға ешбір мораль мен этикаға сыймайтын оқиға ретінде қабылданып отыр. Әрине, білдей бір театр директоры жазаланғанымен, мәдениетінің деңгейі осынша төмендеген Үсеновке заң тарапынан үкім бола, болмай ма, құқық қорғау орындарының құзырындағы шаруа. Әлде қырғыз театрлары қаржы жағынан әбден қиналғандықтан амалсыз үдеп бара жатқан үсеновшілдердің талабына көнді ме, бұл жағы да мәселенің бізге белгісіз беті. Қалай десек те сахнаны жеке мақсатына пайдалана білген Мұрат Үсенов пен біздің Мақсат Үсеновтің тәрбиесінде бәлендей айырмашылық жоқ секілді. Айыппұлын төлейді де, алшаң басып жүре береді. Өйткені Үсеновтер, қайда болса да – Үсеновтер.

Мәдина АЛИАКБАРОВА

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары