$ 494.87  520.65  4.91

Берекелі іс – ел игілігі

Біріккен ұлттар ұйымының өңірімізде бастаған бағдарламалары өз жемісін беріп, халықты қуантуда. БҰҰ мен ҚР Үкіметінің «Маңғыстау облысының тұрақты дамуы мен әлеуметтік-экономикалық жаңғырту мүмкіншіліктерін кеңейту» атты біріккен бағдарламасы аясында жүзеге асырылған бірқатар жобалары соған дәлел.

ПРООН-ның қолдауымен, БҰҰ және ҚР Үкіметінің бастамасымен селолық елді-мекендерде жергілікті өзін-өзі басқару бойынша құрылған пилоттық жобаның алғашқы ауданы болып Қарақия таңдалды. Халықтың өзекті мәселелерін шешу үшін ауданның үш үкіметтік емес ұйымы қоғамға пайда әкелетін әлеуметтік жобалар жасақтады. Жоба аясында Құрық селосының гимназия-мектебінің ауласына тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған жылыжай, кәріздерді тазалау жүйесі және энерго-үнемдегіш жарық-шамын орнатқан «Рақым-Шапағат» Қамқоршылық кеңесі» қоғамдық қоры ерекше көзге түсті.

Олардың арқасында гимназия-мектебінің электр-қуатын үнемдеу бір айда 510 КВт-ты құрады. Бұл бұрын пайдаланып жүрген қуат көзінің 61%-ы. Жоба аясында кәріздерді тазалау жүйесі (КТЖ) орнатылды, бұрын мектеп-гимназиясы бір айда 150-180м3 техникалық су пайдаланса, КТЖ орнатылғаннан кейінгі су шығыны 100-120м болды. Күніне игерілген судың 5м3 тазаланып, жылыжайда өсіріліп, бапталатын ағаш түптері мен көкөністерді суаруға жұмсалады.Сонымен қатар, мектеп оқушыларының дәруменді аспен қамтылуы мақсатында мектепалды даярлық аумағында тамшылатып суару жүйесі бар жылыжай орналастырылды. Мектеп оқушыларына арнап жылыжайда қияр, қызан және кәді егілген. 

Біріккен бағдарламаның келесі пилоттық аумағы болып Бейнеу мен Маңғыстау аудандары атанды. Аталмыш аудандарда ПРООН-ның қолдауымен, «Экономикалық зерттеу, бағалау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жергілікті биліктің әлеуетін көтеру және өз мәселелерін шешуде жергілікті қауымдастықтарды тарту бағытында оқу семинарлары болып өтті. Басты мәселелер мен олардың шешу жолдары мамыр айында анықталып, жергілікті бастамашыл топтар тарапынан кіші жобалар жасақталып, инновациялық деп танылғандары ПРООН-ның қаржыландыруымен жүзеге асырылмақ

Сонымен қатар БҰҰ селолық елді-мекендерде онлайн-орталықтар ашу жұмыстарына күш салуда. Бұл орталықтардың міндеті - село тұрғындарының экономикалық және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыру. Орталықтар халықты кәсіпкерлік мәселелері бойынша кеңестік және кәсіби білім беру қызметтерімен, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттармен, ғаламтор желісімен, онлайн қызметтерімен тегін қамтамасыз ететін болады. Қарақия ауданының Жетібай селосы мен Түпқараған ауданының Ақшұқыр селоларындағы кітапханаларда онлайн-орталық құрылғылары орнатылды. Ал Қарақия ауданының Жетібай селосының кітапханасында кәсіпкерлер, мұғалімдер, оқушылар, селолық ардагерлер кеңесі мүшелері және жұмыссыз жастардың қатысуымен онлайн-орталықтың тұсаукесері болып өтті

Жетібай селосында тұрып жатқан 13 мың адамның шамамен 20%-ы онлайн-қызметтерді пайдалануға мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан да село әкімі К.Асанов тұрғындардың село аумағынан шықпай, кітапханада интернет-ресурстарын тегін пайдалануға мүмкіндік сыйлағаны үшін ПРООН-ға алғысын білдірді. Өз ризашылықтарын ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Сырыжанов, оралман-зейнеткер П.Карашбаев та жеткізді. Жаңа мүмкіндіктер өз ісін ашқан кәсіпкерлердің де жолын ашты. Кәсібін жаңадан бастаушылар «Бизнестің Президенттік қорғанысы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Аграрлы-кредиттік корпорация» сынды ірі кредиттік корпорациялардың және салық департаментінің веб-сайттарымен, сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрлігі сайтымен танысу мүмкіндігіне қол жеткізді. Аз қамтылған жанұяның балалары мектеп бағдарламасына және ҰБТ-ға дайындық барысында онлайн-орталықтың көмегіне жүгіне алады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да барлық ақпарат қолжетімді болды.      

Біріккен бағдарлама селолық елді мекендерінде 32 онлайн-орталық қызмет көрсететін Шығыс Қазақстан облысының тәжірибелік үлгісінен алынған. ПРООН-ның жоспарына сәйкес енді Бейнеу ауданының Боранкөл және Маңғыстау ауданының Жыңғылды селоларында онлайн-орталықтар ашу көзделген.

 Х.ОРЫНБАЙҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары