$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда қаланың белсенді азаматтары марапатталды (ФОТО)

Алматыда Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Алматы қаласы белсенді азаматтарының форумы өтті. Ауқымды шараны Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырып отыр.

Форумның негізгі мақсаты өмірлік белсенді ұстанымы бар азаматтарды марапаттау, халықтық азаматтық белсенділігін арттыру және қоғамдық және қайырымдылық қызметті дәріптеу болып табылады. Яғни, форум Алматы қаласының дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттай отырып тұрғындардың қоғамдық белсенділігін арттыруды да көздейді. Сондай-ақ, өзін-өзі дамытамын деген азаматтарға мүмкіндіктер туғызып, алып шаһарды дамытуға қызығушылық танытқандарға қолдау көрсетпек ниетте.

Шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ірі кәсіпкерлер, меценаттар, тарихшылар, мәдениет және спорт қайраткерлері, ҮЕҰ мен ЭМБ өкілдері және еріктілер қатысты.

Форум барысында өзінің азаматтық белсенділігімен ерекшеленген азаматтар «Белсенді азамат» номинациясымен марапатталды. Нақтырақ айтқанда, ұйымдастырушылар жеті азаматты белсенділігі үшін марапатқа ұсынды.  Олардың арасындағы ең жасы - №68 қазақ-неміс гимназиясының оқушысы 9 жасар Давид Балтабаев. Давид қаланың тазалығын сақтау мақсатында көрші ауладағы қоқыстарды өз еркімен жинап, қала тазалығы үшін өз үлесін қосып жүрген жеткіншек.

Жиын барысында сондай-ақ, ең белсенді азаматтардың қоғамдық қызметі туралы арнайы көрме ұйымдастырылып, қатысушыларға толық таныстырылды.

- Форум өте әсерлі болды. Алматы қаласының белсенді азаматтарын марапаттау өте жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастыруы да сапалы. Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының ұтымды шараларының бірі деуге де болады. Шынайы үлкен шара болды. Алдағы уақытта мұндай форумдар көптеп ұйымдастырылса деген ұсыныс бар. Себебі, мұндай шаралардың мақсаты - қоғамды жақсылық жасауға шақыру. Тоғыз жасар баланың да жақсылығын қайталауға тырысатын жастар көбейеді.  Бұл істі жақсы істің жарнамасы деуге болады, - дейді Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, қоғам белсендісі Дәурен Бабамұратов.

- Рухани жаңғыру тек бір күнде атқарылатын шаруа емес. Ол бүгінгі дүние жүзінде орын алып жатқан жылдам әрі күрделі өзгерістер сапында үздіксіз жүргізіп отыруды қажет ететін үрдіс. Оның негізгі қозғаушы күші – Отанын сүйген білімді, белсенді азаматтардың қолдауымен жүзеге асады. Әсем шаһардың жүрек қағысын жіті қадағалап, Алматыда болып жатқан маңызды оқиғалардың басы қасында жүрген белсенді азаматтардың саны еселене берсін, - деген жүргізушінің жылы лебізімен форум өз мәресіне жетті.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы биыл сәуір айында жарияланған болатын. Онда Елбасы қоғамның санасын жаңғырту керектігін жазған. Ол үшін басым бағыттар да көрсетілген. Бүгінгі форумды сол басым бағыттарды жүзеге асыру үшін қолға алынған шара деуге болады.

Айымхан Әмірбекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Фото