Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қоғамда үлкен серпіліс туғызып, ұлттық сананың жаңаруына әкелді. Бүгінде республиканың барлық аумағында аталған идеяны түсіндіру және талқылау жұмыстары кеңінен жүріп жатыр. Өйткені, Елбасы осынау мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртуды көздеп отыр. Сондықтан, оның жүзеге асуына бүкіл ел болып атсалысуымыз қажет.
«Рухани жаңғыру» идеясы Жамбыл облысында да аз талқыланған жоқ. Әсіресе, мақаладағы басым бағыттар болып есептелетін «Туған жер» бағдарламасы мен қазақ тілінің латын графикасына көшу реформасы Тараз бен өңірдегі өзге де аудандарда кеңінен талқыланды. Мектеп оқушыларынан бастап ардагер қарияларға дейін осынау жаңа жобалардың жүзеге асуына өз үлестерін қосып келеді.
Мәселен, күні бүгін облыс орталығында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел отырысы болып өтті. Өңірдің зиялы қариялары бұл жиында «Рухани жаңғыру» мақаласындағы басым бағыттарды айқындап, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Ұлт Көшбасшысы бағдарламалық мақаласында «ең бастысы сананың ашықтығы, яғни әлемдік озық жаңалықтармен ғылым-білімге деген ынтаны арттырып, жаңа ой мен жаңа идея арқылы дамыған мемлекеттер қатарына ену керекпіз» деп айтқан болатын. Одан бөлек, мемлекет басшысы тек қазақ ұлтына ғана тән сал-дәстүрлеріміздің, тіліміз бен әдебиетіміздің бір сөзбен ацтқанда ұлттық рух халқымыздың болмысында мәңгі қалуға тиістігін айтты. Басқосуға жиналғандар мемлекет мықты болу үшін бізге экономикалық қуатты, саяси сауатты болу ғана жеткіліксіз. Өйткені, мақсатты бағындыруда, рухани күш қажеттігін жеткізді. Қоғамның санасы заман талабына сай жаңғырып отырса, елдің ұрпақ тәрбиесінде де болашақта да ұтары көп болмақ. Кездесу соңында жастарды тәрбиелеу мен өңірдің дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген ардагерлер марапатталды.
«Қазақ сөз қонған халық, дана халық. Оның ұрпаққа ұлағат етер қаншама дана сөздері бар. Осының барлығы үлкендердің аузымен ұрпаққа жетуі керек. Саналарында қалыптасуы керек. Біздің, яғни қариялардың қазіргі міндеті осы өскелең ұрпақты дұрыс тәрбиелеу, ата дәстүрден адастырмай, тура жолға салып отыру. Міне, Рухани жаңғырудағы біздің рөл осындай деп шештік», - деді Жамбыл облыстық «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов.