$ 448.15  483.46  4.86

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» Жамбыл облысынан 33 нысан ұсынылды

Мемлекет басшысының «Болашққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көзделген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынған болатын. Мақсат – Қазақстанның рухани құндылықтарын насихаттау және жаңғырту. Бұл жоба аясында еліміздің барлық өңірлеріндегі киелі орындардың алдымен тізімі анықталып, кейін картасы жасалатын болады. Бүгінгі таңда сол тізімді әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асыру мақсатында ҚР Президенті әкімшілігі жанынан құрылған мемлекеттік комиссия бағдарламадағы басым бағыттардың әрқайсысы бойынша жұмыс топтарын құрған болатын. Солардың бірі «Қазақстанның киелі жерлер географиясын» әзірлеу үшін ел аралап жүр. Жібек Жолы бойындағы қалалар мен әулиелі орындарға атбасын тіреді.

Құрамында елге танымал азаматтары бар экспедиция қазіргі таңда Жамбыл облысыны аралап жүр. Олар осы күнге дейін республика аумағында 100-ден астам нысанды тізімге алыпты. Жобаның жоспарына сәйкес «Киелі жерлер географиясы» ретінде 500-ге жуық нысан белгіленбек. Яғни, археологиялық және сәулет ескерткіштері, ерекше құрметтелетін діни нысандар, тарихи тұлғалар мен саяси оқиғаларға байланысты киелі жерлерді картаға кіргізу көзделуде. Сол үшін аймақтармен бірлескен ақпарат жинау жұмысы жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін еліміз бойынша киелі жер ретінде 100-ден аса нысанның тізімге алынған.

«Біз рухани жаңғыру жолында осындай тарихымызды ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Қазақтың тарихы өте терең. Оны жастарға дәріптемесек, ұмтылған тарихымызды қайта тірілтпесек, ешқашан рухани жаңғыра алмаймыз. Сондықтан біз осындай жұмыс тобын құрып, ел аралауға кірісіп кеттік. Барлығы да Қазақстанның болашағы үшін», - дейді белгілі журналист, саясаттанушы және қоғам белсендісі Әміржан Қосанов.

Жамбыл облысынан «Әулиеатаның киелі жерлері» тізімін толықтыруға 33 мәдени нысан ұсынылған. Экспедиция мүшелері алдымен «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығының жұмысымен танысып, ұсынылған нысандардың ішінен іріктелген 8 орынды аралады. Киелі мекендердің тарихын біліп, көне жәдігерлер арқылы сол ғасырдың мәдениетімен де танысты. Алдағы уақытта Қазақстанның киелі жерлері картасы сызылып, еліміздің әр өңіріндегі таңдаулы қасиетті орындар енгізілетін болады.

«Мәдениет министрлігінің қолдауымен қазақстан киелі жерлерінің интерактивті картасын жасайтын боламыз. Картада киелі орындар туралы бүкіл ақпарат болады. Мұның бәрі туристер үшін де өте қолайлы болмақ», - дейді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталғының басшысы Берік Әбдіғалиұлы.

Жалпы, жобаның мақсаты аймақтағы қасиетті орындар ұғымын халықтың жадына сіңіру, тарихи-мұра нысандарының деректер қорын әзірлеу.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары