$ 444.22  476.38  4.82

Ұлт болашағы – бірлік пен келісімде

Қазақстан әлемге қарыштап дамыған экономикасымен ғана емес, бірегей ұлтаралық келісім институтын қалыптастыруымен де танымал. Елімізде 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Олардың басын Қазақстан халқы ассамбеясы біріктіреді. Аталған ұйымның барлық облыста филиалдары ашылып, этномәдени бірлестіктердің емін-еркін жұмыс істеуіне жағдайлар жасап келеді. Диаспора өкілдері болса тиісінше, еліміздің әлеуметтік, рухани дамуына қолдарынан келгенше үлестерін қосуда. Олар Қазақстанның қоғамдық өміріне белсене атсалысып, атаулы күндерде қайырымдылықпен айналысуды әдетке айналдырған.

Ұлтаралық татулықты ту еткен осындай ұйымдардың бірі – Жамбыл облысындағы ҚХА-ның өңірлік филиалы. Облыстағы этномәдени бірлестіктер бүгін «Достық» үйінде бас қосып, «Ұлт болашағы – бірлік пен келісімде» атты қоғамдық келісім кеңесінің облыстық форумын өткізді.

Қазақстан халқы ассамблеясының Жамбыл облыстық қоғамдық келісім кеңесі республикалық ҚХА-ның консультативтік-кеңесші органы болып саналады. Сондай-ақ, олар ассамблеяның жұмысында маңызды істермен де айналысады. Мәселен, кеңестің бастамасымен биыл жыл басынан бері 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылған. Олардың басым көпшілігі қайырымдылық форматындағы шаралар. Әсіресе, 9 мамыр қарсаңында жамбылдық этономәдени бірлестіктер өкілдері ардагерлерге көмек қолын созып, шаруашылықта біраз іс атқарды. Сонымен қатар, ҚХА мүшелері мұқтаж отбасыларын да назардан тыс қалдырған емес. Жаңа оқу жылы қарсаңында олар «Мектепке жол» акциясына белсене қатысып, көптеген баланың мектепке толыққанды баруына жәрдемдеседі.

Қазіргі кезде Жамбыл облысында облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейдегі 175 қоғамдық келісім кеңесі  жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып жүр.

Ал, бүгінгі форумға қоғамдық келісім бойынша кеңестердің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, медиаторлар, мемлекеттік органдардың және саяси партиялардың өкілдері қатысып,өңіріміздегі қоғамдық келісім бойынша кеңес жұмысының нәтижелері мен перспективаларын талқылады.

Жиында, Жамбыл облысындағы қоғамдық келісім кеңесінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы маңызы да сөз болды. Іс-шараға қатысушылар Жамбыл облысын өркендетуге байланысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ойларын ортаға салды. Форум соңында Қазақстан халқы ассамблеясының Жамбыл облыстық қоғамдық келісім жұмыстары туралы бірқатар шешімдер қабылданды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары