«Рухани жаңғыру – отбасынан басталады». Жамбыл облысы әкімдігінің Білім басқармасы осындай атаумен ата-аналар форумын өткізді. Іс-шараға Тараз қаласы мен облыс аудандарындағы мектептердің директорлары және ата-аналар комитетінің мүшелері қатысты деп хабарлайды Білім басқармасының баспасөз қызметі.
Өнегелі ұрпақ тәрбиесі отбасы мен білім ордасының бір бағытта жұмыс істеуінен басталады. Ата-ана мен мұғалімдер арасындағы байланысты нығайту – саналы ұрпақ тәрбиелеудің басты кепілі. Осы идеяны насихаттауды мақсат тұтқан форумның ерекшелігі – іс-шараның ашық әңгіме, пікір алмасу түрінде өтуінде болды. Форум спикерлері ұрпақ тәрбиесі мәселелерінеркін форматта жеткізіп, өз өмір тәжірибелерін ортаға салды.
«Қоғамның көзқарасы ең бастысы, педагогтарға өзгеруі керек. «Педагог деген аяулы адам, ар-ұяты бар адам, менің баламның қамқоршысы, менің баламның тағдырын шешуге ерекше үлес қосатын адам» деп ата-ана сезінбесе, онда нәтиже болмайды. Әсіресе, ата-аналар комитетінің жақсы жұмыс істеуін қалауымыз керек», - дейді форумға қатысқан Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепберген.
Форумға аудандардан келген қонақтар әуелі Тараз қаласының тарихи ескерткіштеріне саяхат жасаған. Кейін, қалалық мәдениет үйіне келіп, мұндағы дарынды балалардың қолынан шыққан туындылар көрмесін, жастар флеш-мобын, сондай-ақ, «Бозторғай» ансамблінің өнерін тамашалады. Шу ауданынан келген Фатима Ахметова «Ел болашағы – келер ұрпақ тәрбиесін маңызға алған мұндай іс-шаралардан түйеріміз көп» - дейді.
«Бүгінгі заманға сай тәрбиеленіп жатқан балаларымыздың сапалы білім, саналы тәрбие алып шығуы тек мұғалімдерге ғана емес, ата-аналарға да байланысты. Форумнан жақсы әсер алдық», - деп ойымен бөлісті Фатима Ахметова есімді ата-ана.
Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткен форумда қоғамдағы мұғалімдердің беделі, бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі, ұлттық құндылықтардан алыстамау тақырыптары да терең сөз етілді. «Қыз тәрбиесі – Ұлт тәрбиесі» тақырыбында «Ел ана» кеңесінің төрайымы – Лидия Ахметова сөз қозғаса, «Адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда өнер туындыларының рөлі турасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері, Өнер және мәдениет қайраткері Нұрсифат Салықова баяндады. Форум соңы ата-аналарға арналған үндеу қабылданды.