Бүгінде қоғамда жиі айтылып жүрген өзекті мәселелердің бірі – латын қарпіне көшу. Б.з.б. VІІ ғасырда Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. І ғасырында қалыптасқан бұл таңбалардың қазаққа пайдасы қаншалықты? Мен ұстаз ретінде латын әліпбиіне көшудің оң тұстарын атап өткім келіп отыр.
Жаһандану үрдісі, ғылыми прогрестер, мультимедияның, технологияның дамуына байланысты латын әліпбиіне көшкеніміз оң шешім. Тіл қай кезеңде болмасын қоғаммен бірге дамып келеді. Ғылым мен білімде, техника мен технологияда прогресс болған сайын көршілес елдерден және басқа да шетелдерден жаңа сөздер кіруі арқылы да толығып отыратыны табиғи заңдылық. Бүгінде басқа елдермен арада барыс-келіс жиілеген замандағы күнделікті тіршілікте өзге тіл сөздерінің енуі де, әсері де күшейе түспесе, баяуламайды. Жоғарыда айтып өткенімдей дамыған елдердің басым бөлігі латын әліпбиін пайдаланады. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», – деп Елбасымыз айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Қазақ елі тоқсан жолдың торабында орналасқан Еуропа мен Азияны, оңтүстік пен солтүстікті байланыстыратын кілт пен қақпа болғандықтан бізге де латын қаріптерін пайлану – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашары сөзсіз. Оның үстіне компьютер үстемдік етіп отырған бүгінгі заманда интернетке де пәрмені жүріп отырған латын әріптері екенін мойындауымыз қажет. Қарапайым электронды поштамыздың өзі латын қарпінде берілген. Төлқұжатымызда да, көшедегі кейбір дүкендердің атауында да, киім-кешектердің этикеткасында да латын әріптеріне көз түседі. Демек, бұл дүние бізге таңсық емес. Біздің қоғамда бұрыннан бар. Еліміздегі кез келген сауатты адам латын әріптерін белгілі бір дәрежеде біледі, бірсыпырасын оқи алады, жаза алады деген сөз. Латынға көшуден ұтатын тұстарымыз өте көп. «Бұл қазаққа көз өткен бе, тілдің жайын сөз еткенде» деп ақын Мұхтар Шаханов ағамыз айтпақшы, тіл тазалығы реттелер еді. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз, бұл біріншіден. Екінші мәселе – қазақ тілін оқытқанда тіліміздің таза, табиғи қалпын сақтай отыра артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарады. Демек, оқу үрдісі жеңілдейді деген сөз. Үшіншіден – қазақ тілі де әлемдік дәрежеге көтеріліп, өзге тілдермен деңгейлесе алады. Латын әріптерімен қазақ тілінде жаһандық ақпараттар легі тарап, әлем кеңістігінде қазақ тілінің мәртебесі өседі. Кириллицадан латын әліпбиіне өтудің тағы бір пайдасы рухани құлдықтан шығу, яғни, Ресейдің ықпалынан шығу. Сонымен қатар, түбіміз бір түркі халықтарымен бірге ортақ әліпбиде жүру. Демек, әліпби ауыстырудың ар жағында үлкен саясат жатыр. Оның үстіне әлемнің әр жерінде тұратын 5 миллион қазақтың 80 пайызы осы латын әріптерін пайдаланатыны белгілі. Айта берсек, әліпби ауыстырудың пайдасы жетерлік. Қазақтың қаймағы бұзылмаған әрбір сөзін, бояуын бұзбай айтуымыз үшін де ескі әліпбиімізбен қош айтысып, бір-ақ күнде латын әліпбиіне қорықпай ауыса салуымызға мүмкіндік келді. Оның себеп-салдарын да жоғарыда тізіп бердік. Жазу таңбаларын ауыстыру мәселесі ақша суреттерін ауыстыру емес. Ол үшін ел болып 11 жыл ойландық, толғандық. Ғалымдар зерттеді, журналистер айтты, қоғамда өзіндік пікір қалыптасты, тоқетері жеті рет өлшеніп, бір рет кесілді. Бәрімізге оңтайлысы осы болды. Түбіміз бір түркіге ортақ әліпбиге қош келдік!
Айгүл Ертаева,
Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы Р.Смаилов атындағы орта мектеп директоры