$ 448.15  483.46  4.86

ОҚО әкімі үкіметтік емес ұйымдарды әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға шақырды

Үкімет ел экономикасы мен халық әлеуетінің артуы үшін түрлі бағдарламалар әзірлеп, шаралар қолданып жатқаны белгілі. Бұл тұрғыда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын да айтпай кетуге болмайды. «Көп түкірсе көл» демекші, еліміздегі мыңдаған ҮЕҰ-нің белсенді жұмыс істеуінен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші соңғы жылдары айтарлықтай жақсарған.

Үкіметтік емес ұйымдардың кәсіпкерлікті дамытуға да қосар үлесі мол. Бұл туралы бүгін Шымкентте ҮЕҰ өкілдерімен өткен жиында ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеп, оларды әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға белсене аралсуға шақырды. Саладағы түйткілді мәселелерді бизнес құрылыммен бірлесе шешу керектігін шегелеп айтты. Үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен бірігіп, бүгінгі баға, ертеңгі шаманы болжады.

Түстікте 1268 қоғамдық ұйым тіркелген. Оның 558-і үкіметтік емес ұйым болса, 174-і белсенді үкіметтік емес ұйым саналады.  Облыста бұл топты қолдау мақсатында жыл сайын қаржыландыру көлемі артып келеді.  Соның арқасында қазір 200-ге жуық  жоба жүзеге асырылуда.  Алайда,  кейбір салалар бойынша қыруар қаржы бөлінсе де, жүйелі жұмыс жеткіліксіз. Сала бойынша салмақты ой айтқан облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков  осылай деді.

«Атап айтар болсам, дін саласындағы түсіндіру және насихат, мемлекеттік жастар саясаты, суицид мәселесі, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік, этносаралық әрекеттестік мәдениетін қалыптастыру, білім саласындағы жемқорлық, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелерінде үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі әлі де болса төмен. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін облыстағы 558 үкіметтік емес ұйымдардың 110-ы ғана атсалысуда. Оның өзінде тек іс-шараларға қатысумен ғана шектеліп отыр», - деді Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков.

Шындық шымбайға батады. Дей тұра, анық ақиқаты біреу. Бағдарламаны жүзеге асыруға кеңінен атсалысу, өскелең ұрпақтың, жастардың санасына сіңіру, тәрбиелеу жұмыстары – баршаға ортақ. Осыны екшеген жергілікті билік мәселені қаржыға, мемлекеттік тапсырысқа тірегеннен гөрі, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне мейлінше араласу керек, - деп қайырды. Осы орайда «Оңтүстік Қазақстан облыстық Азаматтық Альянсының» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің төрағасы Шәріпбек Жамалбек мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ұзақ мерзімді 3 жылдық конкурс өткізу мәселесін көтерді.  Онда ашықтықты сақтап, атқарылған жұмыстар жөнінде барлық жеңімпаздар есеп беріп отыруы қажет, - деген ұсынысын білдірді.

«Бүгінгі таңда аудандық, ауылдық жерлердегі үкіметтік емес ұйымдары аудандық ішкі саясат бөлімдерінің қолдауына мұқтаж болып отыр. Сондықтан ауылды жерлердегі үкіметтік емес ұйымдарды тиімді пайдалану тетіктерін қарастырған жөн. Сонда ғана жұмыс жемісті болады», - дейді «Оңтүстік Қазақстан облыстық Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің төрағасы Шәріпбек Жамалбек .

Келелі істе келісіп пішкен тон келте болмайды. Сондықтан Шымкенттегі мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Вадим Торопов Ордабасы, Сайрам, Бәйдібек, Түлкібас, Шардара аудандарында «Инва Такси» қызметін ұйымдастыруды ұсынды. Бұл бастаманы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев та қолдай кетті.  

«Бүгінгі көтеріп отырған мәселеніңіз өте орынды. Облысымызда «Оңтүстік» АИО мен «Ырыс» микро қаржылық ұйымы тарапынан 2 мыңнан астам азаматқа төмендетілген пайызбен несие үлестіріп отырмыз. Олар бүгінде жаңа жұмыс орындарын ашып, тірліктерін дөңгелетуде. Осыны ескере отырып, алдағы уақытта Инва-такси қызметін ашамын дейтін азаматтарға да қаржылай қолдау білдіру керек деп ойлаймын. Егер осындай ұсыныспен шыққан азаматтарды қаржылай қолдауға қашанда дайынбыз», - деді Жансейіт Қансейітұлы жиын барысында.

Бұл салада бизнес құрылымдары мен қоғамдық ұйымдардың бірлесуі маңызды. «Созақ жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Біржан Саржанов осыны айтты. Оған дәйекті мысал ретінде аудан орталығы Шолаққорғанда 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған кәсіпкерді келтірді. Ауған соғысы ардагерлерінің мүддесін қорғаушы Ғалымжан Майхановты Абай саябағындағы ескерткішті жөндеу керектігі толғандырады. Тақтада бірдің атын тапсаң, кейінгісі мүлдем қашалып жазылмаған. Ел таныған Жаннета Жазықбаева мен «Дос-Демеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанысбек Өтегеновтер те керегін түгендеді. Бұл сауалдардың бәріне облыс әкімі орнымен жауап беріп жатты.

«Азаматтық қоғам институттары – билік пен бұқараның арасындағы көпір іспетті. Жалпы, қандай да бір істе  болмасын, өзара бірлік пен ынтымақтың арқасында, түсіністіктің нәтижесінде жүзеге асыруымыз қажет.  Осы ретте сіздерге тек үкімет қаржысына ғана қарап отырмай, бизнес құрылымдармен бірлесе, ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын, яғни үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік кәсіпкерлікті арттыруға күш салуы тиіс.Сонда ғана қоғамның өміршең проблемаларын түпкілікті шешуге қол жеткізетін боламыз. Сонымен қатар, облыстағы үкіметтік емес ұйымдар  Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасын тұрғындар арасында түсіндіру, насихаттау жұмыстарына да лайықты атсалысуға шақырамын», - деді ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев.

Рас, үкіметтік ұйымдар қазақстандық қоғамда үшінші билікке ие. Тұрғындар өздерінің кепілді құқықтары мен бостандықтарын осы ұйымдар арқылы да талап ететін болған. Белсенділер саяси-қоғамдық шаралардан да  тыс қалмайды. Қоғам үшін тиімді шараларды да қолдайды. Дей тұра, билікпен әріптестік қарым-қатынас, қоғамның өміршең мәселелеріне етене араласу түйткілдердің нақты түйінін шешпек. Осы жайттарды тілге тиек еткен өңір басшысы жиын соңында облыстағы белсенді үкіметтік емес ұйым өкілдерін алғыс хатпен марапаттады.

Осы ретте айта кету керек, қараша айының басында Астанада еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың бірінші Республикалық мәжілісі өткен болатын. Онда ҮЕҰ басшылары мемлекеттен алып жатқан қаражаттарына есеп беріп, атқарған жұмыстарын тізбектеді және ұсыныстарын айтқан еді. Қазіргі таңда үкіметтік еместерді бір ғана ведомсвто қаржыландырады, ол – ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі. Сонымен қатар, қоғамдық ұйымдар облыс және қала билігі ұйымдастыратын мемлекеттік байқауларға қатысып, бюджет қаражаты есебінен түрлі қызмет түрлерін көрсетеді. Үкіметтік емес ұйымдар әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, жастар саясаты, қайырымдылық, гендерлік саясат секілді салаларда аса белсенді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары