$ 439.43  473.31  4.82

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырған үкіметтік емес ұйымдар марапатталды

Биыл сәуір айында Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары соңғы бірнеше айда айтарлықтай қарқын алды. Қоғамның санасын жаңғыртуға бағытталған жобаның аясында әсіресе үкіметтік емес ұйымдар белсенді әрекет етіп жатыр. Қоғамдық ұйымдар республиканың барлық өңірінде халыққа рухани азық беретін түрлі іс-шаралар өткізіп, Елбасы тапсырмасын орындауда билік өкілдерінен кем түсіп жатқан жоқ.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бұл тек билік өкілдерінің жүзеге асыратын бағдарламасы емес. Оның толыққанды орындалуына бүкіл қоғам атсалысуы керектігін Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтып өткен болатын. Яғни, жобаның жүзеге асуына әрбіріміз мүдделіміз. Үкіметтік емес ұйымдардың белсенділік танытуы содан.

Дегенмен, бұл ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстары елеусіз қалмайды. Мәселен, күні кеше Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда үздік деп танылған ҮЕҰ жетекшілерін жинап, оларға алғысын айтты және марапаттады.

Бұл басқосуға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және қалың жұртшылық қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы «Азаматтық қоғам, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар – демократияның ажырамас бөлігі» деп атап өткенін айтты.

Әлеуметтік ортаның белсенділігін арттырмайынша қоғамдық сананы жаңғырту мүмкін емес. Үкіметтік емес секторды нығайту осы үдерістің ажырамас бөлігі болып саналады.

Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық ҮЕҰ жақсы тәжірибе жинақтады. Бүгінде елімізде 19 680 ҮЕҰ тіркелген. Олар көбіне Астана мен Алматы қалаларында, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстарында белсенді жұмыс жүргізуде. Үкіметтік емес ұйымдарда 29 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен мемлекеттік гранттар бар. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында соңғы 2 жылда ҮЕҰ құны 23 миллиард теңгеден асатын 4 мыңнан астам әлеуметтік жобаны іске асырды. 2016 жылдан бастап жобаларды мемлекеттік грант арқылы қаржыландыру әдісі енгізілді. Осы уақыт ішінде жалпы құны 800 миллион теңгеден асатын 70-ке жуық жоба іске асырылды.

Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықтар республикалық, салалық және өңірлік деңгейдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысқаны үшін 15 номинация бойынша беріледі. Әр номинациядағы сыйлықтың мөлшері – 4,5 миллион теңге.

Барлығы 230 өтінім келіп түсті. Ең көп өтінім мына бағыттар бойынша тіркелді: халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау – 53 өтінім немесе 23 пайыз, жастар саясаты мен балалар бастамасын қолдау – 28 өтінім немесе 12,2 пайыз, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау – 18 өтінім немесе 7,8 пайыз, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту – 18 өтінім немесе 7,8 пайыз.

59 үкіметтік емес ұйым сыйлық иегері атанды. Олардың арасында – «Ардагер» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» Халықаралық стипендиясы стипендиаттары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі, «Женский луч» қоғамдық бірлестігі, «Право» қоғамдық қоры, «Enactus Kazakhstan» жекеменшік қоры және басқа ұйымдар бар.

Іс-шара аясында еліміздің белгілі өнерпаздарының қатысуымен концерт өтті.

Айта кетейік, елімізде барлығы 10 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар екен. Алайда, олардың барлығы белсенді жұмыс істемейді. Биыл қараша айының басында Астанада еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың бірінші Республикалық мәжілісі өткен болатын. Онда ҮЕҰ басшылары мемлекеттен алып жатқан қаражаттарына есеп беріп, атқарған жұмыстарын тізбектеді және ұсыныстарын айтқан еді. Қазіргі таңда үкіметтік еместерді бір ғана ведомсвто қаржыландырады, ол – ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі. Сонымен қатар, қоғамдық ұйымдар облыс және қала билігі ұйымдастыратын мемлекеттік байқауларға қатысып, бюджет қаражаты есебінен түрлі қызмет түрлерін көрсетеді. Үкіметтік емес ұйымдар әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, жастар саясаты, қайырымдылық, гендерлік саясат секілді салаларда аса белсенді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары