23.11.2017, 08:55

Келер жылы Оралда ҮЕҰ-ға арналған Азаматтық ресурстық орталық ашылады

Батыс Қазақстан облысының орталығында үкіметтік емес ұйымдарға арналған арнайы орталық ашылады. Азаматтық ресурстық орталық (коворкинг) деген атау алған нысан өз жұмысын 2018 жылдан бастамақ. Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың Оралға жасаған сапары барысында мәлім болды. Ведомство басшысы облыс әкімі Алтай Көлгіновпен бірге өңірдің ҮЕҰ жетекшілерімен кездесіп, өзара ынтымақтастық жөнінде кеңесті.

Аталған жиынға ҮЕҰ, саяси партия, мемлекеттік құрылым өкілдері, аудан әкімдері қатысты.

Жиынға төрағалық еткен Алтай Көлгінов мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда үкіметтік емес ұйымдардың маңыздылығына тоқталып өтті. Сондықтан, жергілікті бюджет есебінен мұндай ұйымдарға гранттар және өзге де қаржылай қолдаулар көрсетіліп, өзара ынтымақтастық одан әрі жалғасатынына сенім білдірді.

«Азаматтық қоғамның рөлін арттыру – «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы маңызды мақсаттардың бірі. Елімізде азаматтық қоғамның дамуы үшін мемлекеттік қолдау механизмдері нақтыланды. Яғни әлеуметтік-мемлекеттік тапсырыстар, гранттар бөлу, ҮЕҰ-лардың кәсібилігін арттыру, ынталандыру бағытында көптеген жұмыс атқарылды. 650 мың тұрғыны бар Ақ Жайық өңірінде 645 ҮЕҰ тіркелген. Соның 100-ден астамы белсенді қызмет атқаруда. ҮЕҰ-лардың белсенділігін арттыру мәселесін біраздан бері көтеріп келеміз. Биылдың өзінде 800 млн. теңгеге жуық қаражат мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында бөлінді. Бұл қаржы қоғамның әр түрлі топтарының мәселелерін шешуге бағытталды. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік құрылымдармен бірлесе жұмыс істеуінің маңызы зор. Өткен жылы болған облыстық ҮЕҰ форумының қорытындысына сәйкес азаматтық қоғамды дамыту бойынша кешенді іс-шаралар қолға алынды. Мәселен, биылғы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс былтырғымен салыстырғанда 30 пайызға өсті. Былтыр тек төрт облыстық басқарма әлеуметтік тапсырыс негізінде қоғамдық бірлестіктермен бірігіп жұмыс істесе, ағымдағы жылы олардың қатары жетіге жетті. Жалпы алғанда, еліміздегі азаматтық қоғамның дамуына батысқазақстандықтар да үлкен үлес қосуда», – деді жиынды ашқан Алтай Көлгінов.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев та белсенді жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға мемлекет тарапынан қолдаудың болатынын айтып отыр.

«Біз биылдан бастап еліміздегі қарапайым адамдарды толғандыратын мәселелер бойынша мониторинг жүргізуді қолға алдық. Үкімет басшысының қолдауымен басталған бұл шараға ҮЕҰ-лар да белсенді қатысып жатыр. Мониторинг бойынша қоғамның түрлі салаларына қатысты жинақталған мәселелер үкіметке ұсынылады. Одан әрі тиісті министрліктер мен ведомстволар оларды шешумен жұмыстанатын болады. ҮЕҰ Премьер-Министрге орталық және жергілікті атқарушы биліктің азаматтық қоғам өкілдерімен тұрақты кездесу кестесін бекітуді ұсынған еді. Ол қолдау тапты. Яғни жылына кем дегенде екі рет билік құрылымдары ҮЕҰ өкілдерімен кездесулері керек. Міне, бұл мысалдардан-ақ азаматтық қоғамның бізде қаншалықты алға басқанын, олардың билікке ықпалын көруге болады», – деді минситр.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов өңірдегі азаматтық қоғамды дамыту бағытында ағымдағы жылы басқармамен атқарылған іс-шараларға тоқталып өтті. Ол ішкі саясат басқармасының ҮЕҰ жұмыстың негізгі бағыттары: ҮЕҰ ынталандыру және қоғамдық шараларға тарту, отбасы құндылықтарын насихаттау, азаматтардың құқықтық санасын арттыру, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру екенін мәлімдеді. Басқарма басшысының айтуынша, биыл облыста әлеуметтік маңызды жобалар мен идеялардың жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 10 үздігі таңдап алыныпты. Атырау қаласында өткен «ASAR» үшжақты ынтымақтастық I республикалық форумына – «Қазақ саңыраулар қоғамы» облыстық филиалының «Есту қабілеті бұзылған жастар арасында еңбек әлеуетін дамыту» жобасын «АқсайГазСервис» компаниясы 2 млн. теңгеге қаржыландырып, меморандумға қол қойды.

Облыста «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Әлеуметтік бастамалар картасы» бойынша қазіргі таңда 63 шара, 9 кіші жоба жүзеге асырылуда. Меценаттар қаражатына 59 шара жүзеге асырылды. Облысымызда құрамында 125 волонтері бар волонтерлер корпусы жасақталды. Қазіргі таңда волонтерлердің жеке қабілеттерін дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ, жиын барысында айтылған басты жаңалықтардың бірі – Оралда келер жылы ашылатын Азаматтық ресурстық орталық. Бұл орталық ҰЕҰ мен мемлекеттік органдардың тығыз қарым-қатынасына, оларға әдістемелік, консультативтік, коммуникациялық, ақпараттық қолдау көрсетуші орталық болмақ.

Орталық аудандық бірлестіктермен желілік жұмысты ұйымдастыруға, ҮЕҰ мектебін қалыптастыруға, әлеуметтік идеялар жәрмеңкесі мен жобаларын, түрлі конкурстар мен семинар-тренингтер ұйымдастыруға ықпал етпек.